30 қаз, 2020 сағат 07:51

Түркияда «Темрин» әдеби журналының кезекті саны Тұрар Рысқұловқа арналды

Түркиядағы «Ферфир» баспалар тобы тарапынан ай сайын шығатын «Темрин» әдеби журналының кезекті саны мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа арналды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркі әлемінің темірқазығы: Т.Рысқұлов» атты тақырыппен жарық көрген журналға қазақтың «Қызыл жебесі» атанған Тұрар Рысқұловтың өмірбаянымен қоса тәуелсіздік жолындағы күрескерлігі мен қайраткерлігі, адамдық қасиеті мен тұлғалық портреті, тарихи шындық пен замана ақиқаты туралы сөз қозғайтын зерттеулер мен мақалалар топтамасы енді.

Атап айтқанда, белгілі қазақ әдебиеттанушысы, ғалым, аудармашы Ашур Өздемирдің «Алты Алаштың алыбы Тұрар Рысқұлов» атты зерттеу еңбегі және атақты «Қызыл жебе» роман-эпопеясы мен оның авторы – жазушы Шерхан Мұртаза туралы «Екі ұлы тұлға – бір ұлы туынды» атты көлемді мақаласы жарық көрді. 

Сондай-ақ, аталмыш топтамаға Т.Рысқұлов турасында қалам тербеткен белгілі тарихшы Дархан Қыдырәлінің «Ұлтшыл күрескер» атты мақаласы, көрнекті қаламгерлер Көлбай Адырбекұлы мен Молдияр Серікбаевтың «Тағы да Рысқұлов хақында» және «Ғ.Мүсіреповтің тапсырмасы», Ғалымжан Елшібайдың «Әуезовті абақтыдан арашалап қалған Тұрар Рысқұлов» атты мақалалары және әдебиеттанушы Сердар Ажардың аудармасымен Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хаты еніп, түрік оқырманына жетті. 

Мақалаларды түрік тіліне аударған - Селма Балыкчы мен Мөлдір Илгишева.