Фото: Polisia.kz
Түркістанда жоғалып кеткен төрт жасар баланың денесі табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Түркістан қаласының полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсанда кешкі уақытта келіп түскен. Жергілікті тұрғын ойнауға шыққан ұлының қайта оралмағанын жеткізген.
"Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылды. Кішкентай баланың фотосуреті бар бағдарлар БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Оны іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар көмек көрсетті.
Іздеу барысында жақын маңдағы аумақтарды, тұрғын үйлерді аралау жүргізілді. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала бара алады-ау деген басқа да орындар тексерілді.
Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде 3 желтоқсанда түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды. Оның денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал мәйіттен зорлық-зомбылық пен қандай да өлім белгілері табылмады" - делінген хабарламада.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобының қызметкерлері, полиция департаменті мен прокуратура басшылығы жұмыс жасап жатыр. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.