16 қыр, 2019 сағат 13:13

Түркістанда шағын автобус терезесіне беті жабысқан балаға қатысты әкім түсінік берді

Түркістанда 6 бағыттағы көліктің терезесіне беті жабысып қалған балаға қатысты көріністі қала әкімі түсіндіріп өтті. Шаһар басшысы Рашид Аюпов облыс орталығында әлі де қоғамдық көліктер жеткіліксіз екенін айтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қалада қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Себебі, қазір бір ғана «Жолаушы» серіктестігі жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Бірақ бұл мәселе қазіргі таңда біртіндеп шешімін тауып келеді. Аталған серіктестік, автопаркін жаңартып жатыр. Жыл басында 16 автобуспен толыққан болса, енді олардың қатарына Қытайдан әкелінген «Yutong» маркалы 5 автобус қосылды»,- деді Рашид Аюпов.

Шаһар басшысының сөзінше, «Жолаушы» ЖШС-нің жаңалығы мұнымен таусылмайды. Серіктестік «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бірлесіп жұмыс істеу арқылы, жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобусты сатып алмақшы.

Еске салайық, демалыс күні беті №6-шы бағдардағы көліктің терезесіне жабысып қалған баланың көрінісі әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Оны жанында өтіп бара жатқан көліктің жолаушысы түсіріп алып, желілерге салып жіберген. Бұл көрініске байланысты оқырмандар тарапынан әр түрлі пікірлер жазылуда. Бірі мұны қоғамдық көліктердің жетіспеушілігінен деп түсіндірсе, енді бірі қандай жағдай болмасын мектепке бара жатқан балаға аяушылық танытқан.