25 сәу, 2022 сағат 09:22

Түркістан облысындағы тасқын су Сарыағаш ауданында да бір ауылға жайылған


Түркістан облысында тасқын су Сарыағаш ауданының Бағыс ауылын да шайып кеткен. Бұл туралы өңірдің ТЖД мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күні кеше қатты жауын салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елді мекенін су шайып кеткен болатын. Топан су Сарыағаш ауданының Бағыс ауылында 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, 1 тойхананың, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кіргені анықталып отыр. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, барлығы туыстарының үйлеріне таралды. Сондай-ақ үй жануарлары қырылған, саны анықталуда. Қазір бұл аумақтарда жергілікті атқарушы және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тарапынан аумақтан су сорып шығару жұмыстары жүргізілуде. 

«Аудандық өрт сөндіру бөлімі мен бекеттерінің, жергілікті ауыл әкімдіктердің ұйымдастыруымен су сорғыштар көшелер мен үйдің аулаларына толған суды шығару жұмыстарымен айналысуда. Жұмысқа ТЖ Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері, 9 бірлік техника, 11 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкер, 6 бірлік техника, 2 мотопомпа күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылуда» делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.