11 нау, 2022 сағат 20:56

Түркістан облысындағы өзен жағалауынан 100 жылдық тарихы бар арба табылды


Түркістан облысы, Ордабасы ауданында 100 жылдық тарихы бар арба табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шұбар ауылындағы Арыс өзені жағалауынан табылған арба ХІХ-ХХ ғасырға тиесілі екен. Шамамен өткен өткен ғасырдың 1920/1940 жылдар аралығында пайдаланылған.

«Қазір саз балшығын тазалап ретке келтіріп жатырмыз. Бұл арбаны зерттеу үшін, қалпына келтіру үшін мамандар керек. Сондықтан «Отырар» музейіне хат жазып, келісудеміз» - дейді облыстық Қажымұқан спорт музейінің сектор меңгерушісі Ерік Әшірбеков.

Арбаны Арыс өзеніне балық аулауға барған Бекбосын Бахытжан есімді ауыл тұрғыны тауып алыпты. Су деңгейі төмен түскендіктен бір дөңгелегі көрініп жатқан. Мұны байқаған тұрғын бірден музей қызметкерлерін шақыртқан. 

«Алғашқыда барып көрдік, суретке түсіріп алдық. Кейіннен жағаға шығардық. 4 дөңгелекті сатылы ағаш арба екен. Бірақ екі-ақ дөңгелегі мен белдемшесі ғана қалған. Судан шығарған сәтімізде тағы бір дөңгелегі сынып кетті»- дейді Ерік Әшірбеков.

Қазіргі кезде тарихи арба тарихи сәулеттік ескерткіш Ишан-Базар Ақмешіт музейінде сақтаулы тұр.