07 қыр, 2023 сағат 16:10

Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген педофилге үкім шықты

Сурет: otyrar.kz

Түркістан облысында 5 жасар қызды зорлап, аяусыз өлтірген педофилге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Сот отырысы тергеу изоляторында өтті. 48 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

“ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-тармағы, 121-бабы 4-тармағы бойынша күдіктіні өмірбақи бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарамын” – деді Түркістан облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.

Сонымен қатар сотталушы химиялық кастрация мен мәжбүрлеп емдеу шарасына тартылады. Бұдан бөлек, жәбірленушілердің талабы бойынша 100 млн. теңге көлемінде моральдық шығын өтелетін болды.

Осылайша, қаза тапқан қыздың ата-анасының барлық талап-арызы орындалды. Жәбірленуші тараптың заңгерінің айтуынша, жарыссөзде прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру және кастрация жасауды сұраған.

Сурет: otyrar.kz

Еске салайық, елді дүрліктірген оқиға биыл жазда болды. 13 шілдеде үйдің алдында ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмахан жоғалып кетті. Оны бүкіл ауыл іздеді. Ал бейнебақылау камералары баланың үйден алыс кетпегенін көрсетті. Сөйтіп, 48 жастағы көршісі күдікке ілінді. Оның үйіне екі рет тінту жасалған. Ал үшінші рет іздегенде баланың денесі табылды.

"Үйіне үшінші рет барғанда мен қораның төбесіндегі шиферді байқадым. Досым екеуіміз үстіне шығып, көтеріп қалсақ, Еркежанның денесі жатыр, үстінде киімі болған жоқ", - дейді Жібек Жолы аулының тұрғыны Ержан Ахметов.

Баланың денесін пышақпен тілгілеген. Ал бетінде көгерген іздер болған. Ауыл тұрғындары педофилді өз қолымен жазаламақ болды. Үйін жағып жібере жаздады. Бірақ полиция ашуға мінген халықты тоқтатты.

Педофил бұған дейін адам өлтірген үшін түрмеде 10 жыл отырып шыққан. 2023 жылы мамыр айында денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.