01 ақп, 2021 сағат 11:02

Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы коронавирусқа қарсы егілді

Түркістан облысында коронавирусқа қарсы вакцинация басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәлім етілгендей, ресейлік Sputnik V вакцинасын алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов, бас санитарлық дәрігер Нұрбек Нышанов салдырды. 

«Алдымен олар дәрігерлерге қаралды. Вакцинация Түркістан қаласындағы орталық емханада өтті. Вакцина алғаннан кейін 30 минут бойы дәрігерлер бақылауында болды. Түркістан облысында бүгін 250 адамға вакцина салу жоспарланған», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен. 

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ерікті түрде вакциналау басталды. Ресейде өндірілген Sputnik V вакцинасының бірінші партиясы Түркістан облысына 1300 доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Бұрын қол жеткізілген келісімдер негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені вакциналардың алғашқы партиясын жеткізуді жүзеге асырды.

Еске салайық, вакцинаны тек кәмелетке толған Қазақстан азаматтары ғана ала алады. Облыста коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады. Оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемнің, реанимация бөлімшелерінің, қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлері вакциналанады.

Профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Алдымен азаматтар дәрігердің міндетті тексеруінен өтеді. Түркістан облысында егу пунктерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егулерді жүргізу мәселелері бойынша стандартты манипуляциялар бекітілді. Медицина қызметкерлері оқытылды.

«Айтпа кетейік, вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермей, қатаң локдаун енгізбеудің жалғыз баламасы болып табылады», - деді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.