21 қаң, 2021 сағат 09:32

Туризм Академиясы президентінің кабинетіндегі қар барысының суретін полиция тексеріп жатыр

Алматы полициясы ҚР Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың кабинетінде түскен суретті тексеріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде таралған суретте кабинетте қар барысының, ілбістің, тағы басқа жануарлардың терілері анық көрінеді. Бұл суретті Instagram желісінде кәсіби боксшы Жанқош Тұраров жариялаған. Кейін жазба өшірілді.

Қызыл кітапқа енген жануарлар терісінің суреті көпшіліктің наразылығын тудырды.

Қазір бұл дерекке байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Алматы полициясы тексеруді бастады.

ҚР Экология министрлігі осы мәселеге байланысты түсінік берді.

«Біздің міндетіміз – Қызыл кітапқа енген жануарларды тұрмыстық мақсатта қолдану емес, керісінше оларды қорғау, олардың популяциясын сақтап қалу. Бұл суретте қар барысы, ілбіс, арыстанның чучелосы түсіп қалған. Суреттегі қар барысының терісіне қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Алматы облыстық территориалдық инспекциясы құқық қорғау органдарына шағымданып, тиісті шара қолданатын болады. Бұл мәселені бақылауға алып, азаматтардың назарында ұстайтын боламыз. Қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Оны аулауға қатаң тыйым салынған», - деді министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Оның айтуынша, территориялық инспекция бұл суреттерді зерттеп, 2021 жылы 20 қаңтарда № 03-10/86 хатпен Полиция департаментіне жолдаған.

Жойылып кету алдында тұрған сирек кездесетін жануарларды, олардың бөлшектерін, дериваттарын заңсыз пайдалану ҚР ҚК 339-бабымен реттеледі. Полиция өз кезегінде суреттегі терілердің қар барысына тиесілі екенін анықтайды.

Тексеру қорытындысына сәйкес ҚР заңнамасына орай жаза қолданылатын болады.