16 қар, 2016 сағат 11:37

Туберкулез көрсеткіші төмендеп келеді

Туберкулез – өркениеттің дамуымен бірге келе жатқан әлеуметтік дерт. Сондықтан да қазақы ұғымдағы құрт ауруы тек қана медициналық емес, сонымен қатар қоғамдық өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Кеселдің қауіптілігі – одан ешкім сақтандырылмаған. Оңай жұғатын жұқпалы ауру болғандықтан, онымен бүкіл әлем болып күресуде. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2016-2017 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша «Туберкулездің таралуы» факторы жөнінен Қазақстанның рейтингі жоғарылады. 2014 жылмен салыстырғанда 140 елдің ішінде 101-орында болса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 9 орынға алға жылжып, 92-орынға шығып отыр.

Әрине, туберкулезді бақылауға қатысты жақсы көрсеткішке қол жеткізуге Туберкулезбен күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама, Елбасының саяси қолдауы және өкіметтік органдармен бірлесудің арқасында жасалған ведомствоаралық, салааралық өзара жүйелі қарым-қатынас ықпал еткенін айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ, «туберкулездің таралу» көрсеткіші бойынша еліміздің Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің жақсаруына әсер еткен бірден-бір жағдай – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен 2015 жылдың 17-19 ақпанында Қазақстандағы туберкулездің эпидемиологиялық қадағалануын бақылау үшін жасалған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының миссиясы.

Миссия барысында еліміздегі туберкулезді тіркеу, диагностикалау және ауруды анықтау әдістерінің сапасы мен қолжетімділігі бағаланды. Сарапшылар емханалар мен Астана қалалық туберкулезге қарсы диспансерін аралап, туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тіркелімі жұмысымен де айналысты. Қорытындылай келе, олар еліміздегі туберкулезге қарсы шаралардың тиімді жүргізілетінін, туберкулезді диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістеріне қолжетімді екенін атап өтті. Яғни, ДДСҰ-ның сарапшылары есепке алудың ақпараттық жүйесі мен туберкулезге қатысты жасалатын есептілікке оң бағасын берді.

Бүгінде еліміздегі 9 айдың қорытындысына келсек, туберкулезге шалдығу көрсеткіші 8,3 пайызға азайған. Тіпті, биылғы жылдағы туберкулезбен аурудың 9 айлық көрсеткіші 54,8, ол 2015-2017 жылдарға жасалған болжамнан төмен (100 мың адамға шаққанда 2015 ж — 64,7; 2016 ж — 63,1; 2017ж — 61,5).

Жыл сайын орталықтың клиникасында еліміздің әр аймағынан аурудың асқынған кезінде келген 2 мыңға жуық науқас ем алады. Бұл жерде туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер, хирургиялық емдеудің жаңа технологиялары енгізілген, туберкулезді, соның ішінде, көп дәріге төзімді түрін жедел молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жаңа әдістері қолданылады.

Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғындарға туберкулезге қарсы көмек көрсетудің барлық нормативтік-құқықтық базасы қайта қаралып, ДДСҰ-ның соңғы ұсынымдарына сәйкестендірілді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014 жылғы «Туберкулез бойынша профилактикалық іс-шараларды және жүзеге асыру жөніндегі» бұйрығымен қатар, ДСӘДМ-ның туберкулезді жоюға көмек көрсету, амбулаторлық ем, хирургиялық көмек көрсету, мәж­бүрлі және паллиативті емдеу, дәрілік менеджмент және зертхана сапасын бағалау стандарты бойынша 7 бұйрығы бекітілді.

Қорыта айтқанда, барлық жұмыстардың рет-ретімен орындалуы жақын арада қажетті көрсеткіштерге қол жеткізуге, Қазақстандағы туберкулез эпидемиясын жоюға, БҰҰ-ның мыңжылдық даму мақсаттары бойынша еліміздің рейтингісінің жоғарылауына алып келмек.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»