
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Digital Almaty 2021 - Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» халықаралық форумының диалог алаңында цифрлық тәсілге жаңаша көзқарас қалыптастырып, мемлекеттің IT ландшафтын құруды ұсынды», деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміздің цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның платформалық модельге көшетін кезі келгендігін атап өтті.
«Біздегі бар 500 ақпараттық жүйе өздігінше дамып, жұмыс істеді. Бірақ нәтижесі ойдағыдай болған жоқ. Оларды біріктіруге тырыстық, алайда мұнымен серпіліс жасай алмадық. Сондықтан платформа моделіне көшуіміз керек. Ол бизнес-процестерді автоматтандыру кезінде қиындық тудырмайды. Бұл жүздеген құжатқа қол қоймай, бірнеше қызметті біріктірмей-ақ, оңай болуы керек. ІТ-компаниялар осы платформада жетіліп, дамығанын қалаймыз. Яғни, біз белгілі бір ережелері мен бизнес-процестердің архитектурасы сипатталған платформаны жасағымыз келеді. Бұл қызметті автоматтандыруды алты ай емес, тек бір ай ішінде іске асыруға мүмкіндік береді. Ол үшін біз платформаның нақты моделіне өтуіміз керек.Қазір архитектураны дамытып жатырмыз және оған нарықтан сарапшылар тартамыз. Сонымен қатар, бұған отандық ІТ-компаниялар да қатысады. Ал, ІТ-компаниялар мемлекетке өз қызметтерін осы платформа арқылы сататын болады», - деді Бағдат Мусин.
Биыл цифрландыруға баса назар аударылғандықтан, бүкіл цифрлық тәсілді қайта қарап, мемлекеттің IT-ландшафтын құру қажет.
«Бұл үшін жоғары сапалы адам капиталы қажет. Жыл сайын жоғарғы оқу орындары 20 мың IT маманын дайындайды. Егер шынымен олар өз ісінің шебері болса, онда Қазақстан IT саласы бойынша дамыған елдерден кем түспес еді. Сондықтан, ІТ нарығы үшін, біз Білім министрлігімен бірге осы мамандыққа күш салатын жекеменшік мектептер ашпақпыз. Енді 20 мың маманға бөлінген грант ақшасын IT мектебіне де қайта бағыттағымыз келеді», - деді министр.
Сонымен қатар, Бағдат Мусин өңірлерде тағы 5 ІТ мектеп ашу жоспарланып отырғанын айтты.
