
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов халықпен онлайн кездесуінде тұрғындардың сұрағына жауап берді. Соның ішінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаеваның ісіне қатысты пікір білдірді.
«Әрине, Жамал Әбдібекқызы мықты маман. Талай нәрестенің өмірге келуіне себепші болды, мыңдаған ананы өлімнен арашалап алып қалды, жұмысына адал, адамгершілігі мол. Дәл қазір ол кісі сүрінді ме, сүрінбеді ме, нақты айта алмаймын. Оны құзырлы органдар шешеді және әділ шешім болатынына сенемін. Мен ол кісіні көп жылдар танимын, мен де қатты уайымдаймын, тіпті, кей кезде ұйқы да қашып кетеді. Әділ шешім болатынына мен сенемін»,-деді С.Трұмов.
Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының бірі ұсталғанын растаған болатын.
