Фото: Theins.ru
Ақ үйде Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Украинаны қолдау үшін келген бірнеше еуропалық лидердің қатысуымен өткен келіссөздер аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақпандағы сәтсіздіктен айырмашылығы, бұл жолы ешкім ашық сөзталасқа барған жоқ. Керісінше, күлімсіреп отырған Трамп Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін уәде етті. Алайда бұл кепілдік негізінен Еуропа тарабынан, тек «АҚШ-пен үйлестіру арқылы» болады.
Сондай-ақ ол Путин мен Зеленскийдің жеке кездесуіне дайындықты бастағанын мәлімдеді. Дегенмен Кремль нақты уәде бермей, маневр жасауға мүмкіндік қалдырды. Ал Зеленский аумақтық мәселелерді тек Путинмен ғана талқылауға дайын екенін анық білдірді.
Нәтижесінде Трамп пен Зеленскийдің журналистерге ашық бөлігінің басым бөлігі өзара мадақ айтысуға арналды. Сосын олар жабық келіссөзге кіріп кетті.
Бұл жолы Зеленский 3 бірдей козырьмен келді: Біріншісі Еуропа лидерлерінің анық қолдауы бар. Екіншісі «Фламинго» деп аталатын украиналық қанатты зымыран өндірісі басталғаны туралы жаңалық. Айта кетсек, бұл зымыран Мәскеуге де, Санкт-Петербургке де жете алады. Тағы бір басымдығы – Зеленскийдің майдандағы қорғаныс шебі мықты екені туралы дәлелдері бар.
Енді кездесудің қорытындысын айтсақ, Украина НАТО-ға ешқашан кіре алмайды. Мұны Трамп мәлімдеді.
Financial Times газетінің мәліметінше, Украина делегациясының құжатында АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдіктерін алу үшін Киев 100 миллиард доллар көлемінде америкалық қару-жарақ сатып алуға дайын екені жазылған.
Кезекті мәлімет: Трамп Ресейге қойылған оқ атуды тоқтату талабынан бас тартқан. Оның айтуынша, бейбітшілікке қол жеткізу үшін бітім міндетті түрде алғышарт болмауы мүмкін.
Ал бұдан кейінгі тағы бір жаңалығы – Трамп келіссөзді орта жолда тоқтатып, Путинмен телефон арқылы 40 минуттай сөйлескен.
Кездесу қорытындысын Трамп та, Зеленский де баспасөз мәслихатында емес, әлеуметтік желілерде жариялады.
Трамп кездесуді "өте жоғары деңгей" деп атады. Оның сөзінше, екіжақты кездесуден кейін өзінің қатысуымен үшжақты саммит өткізу жоспарланып отыр. Ал Зеленский "ұзақ әрі егжей-тегжейлі әңгіме" болғанын, онда майдандағы жағдай және бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажетті қадамдар талқыланғанын айтты.
