Фото: РБК
АҚШ президенті Дональд Трамп 18 тамыз, дүйсенбі күні Ақ үйде Украина басшысы Владимир Зеленскийді қабылдайды. Бұл кездесуге бірқатар еуропалық көшбасшылар да барады, деп хабарлайды Ult.kz.
The Washington Post басылымының жазуынша, Украинада ақпан айында болған дау-дамай қайталана ма деген алаңдаушылық бар. Сол кезде Зеленский Трамппен сөзге келіп, пікірталас барысында Украина делегациясы келіссөз аяқталмай жатып залдан шығып кеткен еді.
Неміс басылымы Bild-тің хабарлауынша, Трамп алдымен Зеленскиймен жеке әңгімелесуді жоспарлап отыр. Кейінірек оған Германия канцлері Фридрих Мерц, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эммануэль Макрон, Британия премьері Кир Стармер, Италия басшысы Джорджа Мелони, Финляндия көшбасшысы Александр Стубб және НАТО басшысы Марк Рютте қосылмақ.
АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф келіссөздердің басты тақырыбы – Украинаның қауіпсіздігі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Аляскадағы кездесуінде Украинаға белгілі бір қауіпсіздік кепілдіктері жайлы келіскен.
Сонымен қатар, аптаның соңына қарай Трамп, Путин және Зеленскийдің қатысуымен үшжақты саммит өтуі мүмкін екені айтылды.
Франция саясаткері Флориан Филиппо мен бірқатар сарапшылар Зеленский келісімнен бас тартса, бұл Украина үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
