ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин биылғы көктемде су басу қаупі бар аймақтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жауған қардың мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдануын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескере отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды.
Тәуекелі жоғары өңірлерге: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады.
Тәуекелі орташа аймақтарға: Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстары кіреді», - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, күннің күрт жылынуы, қардың қарқынды еруі, толассыз жауын-шашын сияқты құбылыстар аталған аймақтардағы жағдайды күрделендіруі мүмкін.
«1 наурыздан кейін «Қазгидромет» РМК нақты болжам ұсынатын болады, соны ескере отырып, біз уақтылы жеткізу үшін министрліктің күштері мен құралдар топтамасын түзетеміз және қажет болған жағдайда резервтік топтарды қолданысқа енгіземіз», - деді Төтенше жағдайлар министрі.