16 мау, 2023 сағат 19:45

Төреғали Төреәлінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Фото: instagram.com/toregalitoreali

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің үстінен билік өкілдерін қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жақында полиция қызметкерлерімен есірткілік масаң күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған, МАӘС шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған А. есімді азамат Алматы қаласы ПД-нің (әкімшілік қамауға алынғандарға арналған) ұстау изоляторында отыр.

"Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оны әкімшілік қамауға алудан босатуға көрсеткіш жоқ.

Сонымен қатар А. есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 378-бабында (Билік өкiлiн қорлау - ред.) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша да қылмыстық іс тіркелді. Аталған қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласы ПД анықтау басқармасы жүргізіп жатыр" - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 14 маусымда қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі жол ережесін бұзып, полициямен жанжалдасқан болатын. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Қамауда жатқан әншінің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдеммен ауруханаға да жеткізілген.