21 мау, 2023 сағат 22:02

Төреғали Төреәліге қатысты жаңа сот үкімі шықты

Фото: instagram.com/toregalitoreali

Төреғали Төреәліні полицияның заңды талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.

"Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 613 бабы 1-бөлігі бойынша азамат А.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот 2023 жылдың 14 маусымында А. (Алиханов*, Төреғали Төреәлінің тегі – "Ұлт ақпарат") автокөлікті есірткіге мас күйінде жүргізіп, полицияның көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын орындамағанын анықтады.

Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді ішінара растады. Сот қаулысы бойынша ол ӘҚБтК-нің жоғарыда аталған бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза тағайындалды" - делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлі көлік құралын есірткіге мас күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Оған 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 20 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылды.