05 қыр, 2020 сағат 12:51

Толқын Ерболқызы: Тіл тазалығы тұрақты назарда болуы тиіс

5 қыркүйек – Қазақстанда тіл мерекесі. Бұл күннің осылай белгіленуінің бір себебі – Ұлт ұстазы, тіл күрескері Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген Ахаңның туған күні осылайша ерекше мерекеге айналып отыр. Осыған орай, өңірдегі тіл ахуалына назар аудару мақсатында Алматы облысы Панфилов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Толқын Көшербаевамен сұхбаттасқан едік.

Толқын Ерболқызы, бүгінгі Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні құтты болсын!

- Рақмет, Сіздерді де шын жүректен құттықтаймын! «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» демекші, бұл мереке баршамыз – көзі ашық, көкірек ояу кез келген жан үшін ортақ қуаныш қой.

- Дұрыс айтасызЕнді осынау ерекше мейрам қарсаңында бұл саланың аудандағы ахуалы туралы айтып беріңізші.

- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңына және «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» үкімет қаулысына сәйкес ауданда алдын ала арнайы іс-шаралар жоспары жасалған болатын. 

Осы жоспарға сәйкес меншік түріне қарамастан аудандағы барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындарға тұрақты әдістемелік көмек көрсетіліп тұрады. Мемлекеттік тілді насихаттайтын ұрандар ғимараттардың көрнекті орындарына ілінген. 

Жергілікті БАҚ-та тілді насихаттайтын мақалалар тұрақты жарияланады. Жалпы алғанда ауданда іс қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл үрдісті дамыту мақсатында әртүрлі іс-шаралар атқарылуда. Мемлекеттік мекемелердегі кіріс, шығыс құжаттарына сараптама жасалып тұрады. «ҚАЗТЕСТ»жүйесімен қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша бюджет саласындағы қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әр деңгей бойынша диагностикалық тест алынуда. 

Тест орталығы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп гимназиясында және Жаркент қаласындағы Тіл оқыту орталығында орналасқан. Бұл орындар тест алуға қажетті құралдармен толық жабдықталған. 

- Қазір күллі елімізде короновирус пандемиясына байланысты барлық жұмыс түрі жаңа форматқа көшкені белгілі. Бұл бағыттағы іс біздің ауданда қалай өріс алды?

- Қалыптасқан қиындыққа қарай тілді дамытуға байланысты барлық шаралар онлайн түрінде өткізілуде. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, бұл бағытта да орайын келтіріп атқарған ісіміз игі нәтижеге жеткізіп жүр. 

Түрлі этнос жастары арасында Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған облыстық онлайн байқауға біздің ауданнан қатысқан үміткеріміз Шарипова Дильназ бас жүлдені жеңіп алып, республикалық жарысқа жолдама алды. «Жыр қаһаны» атанған ақтаңгер ақын Жұматай Жақыпбаевтың мерейтойына арналған облыстық мүшәйрада аудан әкімі аппаратының бас маманы Ғапу Еркін жүлделі үшінші орынға ие болса, Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі үш тілді жетік меңгерген Айжан Кеңесбаева облыстық «Тіл шебері-2020» онлайн байқауының ынталандыру сыйлығын иемденді. 

Сондай-ақ, біздің бөлімнің бас маманы Нұрәділ Нұртілеуұлы республикалық «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметкері» конкурсына белсене қатысқаны үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Алғыс хатына ие болды. 

Сонымен қатар ауылдық округтерде «Тіл-ұлттың жаны» атты тақырыпта дөңгелек үстел, «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты көркемсөз байқауы, «Тіл-халықтың айнасы» атты көрмелер, «Тіл тірегіміз - соғып тұрған жүрегіміз» атты тақырыпта студенттер арасында дебат және «Ана тілің - арың бұл» атты шешендік сөз өнерінен сайыс талап деңгейінде өткізілді. 

- Тіл туралы тілге тиек еткенде латын әліпбиіне көшу мәселесін аттап кете алмайтынымыз түсінікті. Енді осы жөнінде айтсаңыз. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Білім беру орындарында және мемлекеттік мекемелерде «Латын әліпбиі: жаңғыру жазудан басталады» атты дөңгелек үстел, жастар арасында «Латын әліпбиіне көшу: өркениет бастауы» атты тақырыпта пікір алмасулар өтуде. 

Нағарашы, Үшарал ауылдарында «Латын әліпбиіне көшу - тіл келешегінің кепілі» атты тақырып аясында сынып сағаттары, пікір алмасу кештері және аудан кітапханаларында кітап көрмелері ұйымдастырылды. 

Жаркент қаласында орналасқан LED экранда латын қарпіне көшу бойынша хабарландырулар және мемлекеттік тілді қолдау бойынша бейнероликтер жиі көрсетіліп тұрады. 

- Көрнекі ақпаратты ретке келтіру іс қалай ұйымдастырылуда?

- Қазіргі карантин талаптары жұмысты біраз күрделендіре түскені рас. Әйтсе де, бұл бағыт бойынша бақылау және әдістемелік көмек көрсету жұмыстары әсте тоқтаған емес. 

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, «Жарнама туралы» Заң талаптарына сәйкес шағын және орта бизнес нысандарында аншлагтардың ресімделуі және көрнекі ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдегі мәтіндердің грамматикалық және стилистикалық қателерін түзету мақсатында рейдтік тексеру жүргізілуде. 

Тексеру барысында халыққа қызмет көрсету орындарындағы (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшаларда жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және басқа көрнекі ақпараттар заңнамаға сәйкес жазылу керектігі туралы ескерту жасалып, орын алған олқылықтарды түзету жөніндегі ескертпе қағаздар таратылуда.

- Ономастикалық атауларды ретке келтіру жұмыстарының жайы қалай?

- Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Президент Әкімшілігімен келісе отырып ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері жобасын әзірлеген. 

Аталған жоба ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының арнайы отырысында қаралып, мақұлданған. Объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атаукезінде осы талаптың үдесінен шығу – біздің әрдайым назарымызда. 

Бөлімге қалалық, ауылдық округтерден, аудандық бөлімдерден және қоғамдық ұйымдардан әр алуан ұсыныстар жиі-жиі келеді. Олардың барлығы мұқият сарапталып, дайындалып, өз уақытында облыстық ономастика комиссиясына ұсынылады. Одан әрі оңды шешім қабылдануы үшін орнықты негіздеме қалыптасуына күш саламыз. 

Осындай ыждаһаттылықпен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бір-екі жылдың бедерінде ауданда екі бірдей ауылдың аты ауыстырылды. Атап айтқанда, бұрынғы Төменгі Пенжім – «Ынтымақ ауылы», ал, Нағарашы – «Жерұйық ауылы» деп жаңаша аталды. 

Үш мектеп Әлихан Бөкейхановтың, Бауыржан Момышұлының және Дінмұхамед Қонаевтың есімдерімен алды. Аудан орталығы – Жаркент қаласында Бөлек, Сатай, Аралбай, Елтінді, Ұзақ, Шойнақ, Бағай, Нұржеке батырларға, Қожбанбет, Шәнті, Салпық, Дөнен сияқты билерге, сондай-ақ, генерал Сабыр Рақымов пен әр кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан Серғазы Беспаев, Тұрғанғазы Жапарқұлов, Шәріп Омаров, Жақсыбай Исаев, Азат Машуров, Нәби Сарпеков, Бәкрим Зайнаудинов сынды қайраткерлерге көше аттары беріліп, бұл қарекетімізді халық үлкен қуанышпен қабылдады. 

Ауылдық округтерге қарасты елді мекендерде де осындай үлгілі үрдіс жақсы жалғасын табуда. Сонымен қатар ауданның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, елді мекендер мен көше атауларының ресми бекітілгендігін растайтын құжаттардың талап дәрежесінде болуын да тұрақты қадағалап тұрамыз. 

Осыған орай, ауданымызда ондай деректер «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне толық енгізіліп, аудандық жылжымайтын мүлік орталығы мен аудандық сәулет және қалақұрылысы мекемелеріндегі мәліметтер бойынша толықтай сәйкестендіріліп, біріздендірілуде. 

- Сұхбатыңызға рақмет!

ҚазАқпарат