Құрбан айт Дін Исламның, оның ішінде қазақ халқының төл мерекесі. Жылына бір келетін мереке болғандықтан ел шама-шарқынша дайындалады. Жарықтық ауылда қолайсыздық тудыратын еш нәрсе жоқ, сондықтан құрбан айт мерекесі сияқты жиын тойларда абыржу болмайды.
Айтайын дегенім күннен-күнге іргесі кеңейіп, халқының саны да өсіп келе жатқан Бас қаламыз Астанадағы кешегі өткен құрбан шалу марасымы жайында. Таңнан барып мешітке құрбан айт намазын оқып болғаннан соң, құрбандық шалуға болады деген имамдардың пәтуасын есітіп, айт намазынан соң Астана қаласының шетіндегі Шаңхай базарына құрбандыққа шалынатын мал алуға бет алдық. Ауылда жасағанымда құрбанға шалынатын малды бір апта бұрын алып қоюға болады. Себебі есігіңнің алды, мал ұстайтын қораң бар...
Ал қалада болса басқа өмір. Мешіттен шыққан елдің бәрі осы базардама деп қалдым. Автокөлік те, адам да көп. Осы бір көрініс бала кезімдегі бір суретті есіме түсірді. Баяғы біз төменгі сыныпта оқып жүргенде тарих кітабында бір сурет болатын. Суретте мұжықтың бір аяғы көтеріп, көтерген аяғының астына тікен сымды айналдыра орап төсеп тастаған. Суреттің астына: «Шаруаға аяқ басар жер жоқ!» деп жазып қойған болатын. Айтпағым бүгінде дәл сол суреттегідей, адамға аяқ басар жер жоқ.
Мал базарды аралап қой көріп келе жатырмын. Базар болғаннан соң: «Біздің малды алыңыз!» деген базар әдібінің икемімен айтылған түрлі дауыстағы сөздер жан-жағымнан жамырай шығуда. Менің көзім қойларда. Құрбандыққа шалынатын мал: соқыр, ақсақ, бір құлағы жоқ, көтерем болмасын деген қағидаға амал жасауымыз керектігі, ол да ойда. Сондай жауапкершілікпен өзімше қой көріп келе жатырмын...Алдымнан бір жігіт ағасы шығып: «Менің қошқарымды алыңыз, арғы жаққа барғаныңызда көпірден құламай өтесіз» дейді. Осы бір сөзді естігенде е,еее құрбандық дегенді әркім әр қалай түсінеді екен ғой деп те қалдым. Әйтпесе құрбан айт күні осылай сөз айтуға болама?! Шынымен көпірден құлатпайтын қошқар болатын болса, оны бізге несіне сатады. Өзі құрбандыққа шалып қияметтің қыл көпірінен өзі өтпей ма? Көпірден өту бір Алланың еншісінде екенін мына сабаз білмейді-ау, білсе бұлай айтпас еді деймін ішімнен.
Осындай ойдың жетегінде келе жатып уақытша жасалынған тақтай қорашықта иіріліп тұрған жиырмашақты тоқты қошқарға көзім түсті. Бәрі семіз бір келкі екен. Ішінен төбел тоқты қошқарға көзім түсіп, базарда көп жүре бермей осыны саудалап алайын деп ниет жасадым. Байеке, тоқты қошқарларың қаншадан деймін тақтай қорашықтың төрт бұрышының бір бұрышына қағылған бөренеге сүйенген жігітке дауысымды көтере.
-Шетінен ала беріңіз отыз мыңнан кемі жоқ,- дейді.
Сөйтіп тұрғанда аға, қане бастаңыз біз үшеуміз үш қой алмақшы едік, бағасын шығарып беріңіз дейді қаумалаған үш жігіт, мені бір қой алып, қой сатып жүрген адамдай көріп. Мына жігіттердің сөзі қамшы болып, бір алғанда төрт қойыңды бірденінен алғалы тұрмыз жігітім, бері жақындап болатын жерін айт. Сен дәріханада дәрі сатып тұрған жоқсың ғой бауырым, айтқаныңа алып кете беретін. Бүгін құрбан айт, бояуын қанықтырып айтсам тілектің қабыл болған күні. Өткен жылы құрбан айтта: «Құрбан айттан-құрбан айтқа аман-есен жете берейік!» деп тілек айтқан едік. Алла бұйырып міне аман-есен жеттік. Тілектің қабыл болғаны осы емес пе?! Бүгін өткен жылғы айтылған тілектердің қабыл болған күні деп әңгімені бір ширатып, әрі қарай иін қандырмақ болып, жігітім өмірдің өтерін біл депті бізден алдын өткен әулиелер. Саған айтсам пайғамбарымыз (с.а.ғ.) бір хадисінде: «Ей, мөмүндер сауда жасаңдар, саудада береке бар, үйге келетін табыстың оннан тоғызы саудадан келууур. Сатқан адам қымбат саттым, алған адам арзан алдым деуі керек, берекесі сонда болады депті» деп жатып, өзімше ойлап қоямын, қайткенде де осы айтқанымнан кейін: «отыз мыңнан кемі жоқ!» деп сіңіре қағылған шегені босаттым-ау деген үмітпен. Жоқ, атқан оғым дөп тиіп жігітім жылы сөйлеп, сіздер қаншадан алмақсыздар дейді, бәрімізге есіттірте сөйлеп, бір жағынан келген адамдарды қашыртып алмайын деген ойы да жоқ емес сияқты.
Ендеше былай деймін сонау жас кезімде әкеммен бірге мал базарға мал сатып алуға барғандағы делдалдың әрекеті есіме түсіп, жігіттің оң қолын қапсыра қысып:
- Бір жайдан төртеуіне бүтін бір қағаз, бар береке!
- Жәке, сәл қоссаңызшы.
-Қосатын жері қалмады, өкшеңді тірей берме, бер енді, бар-береке!
-Жігіттің діттегені де осы болса керек қолын бір-екі сілтегесін базардың ежелгі әдебін сақтап: «Бар-береке, алыңыз!»,- деді.
Қасымдағы жігіттер: «Аға, алатын малымыз сонымен қаншадан түсті» демесі бар ма?! Өй, қасқа бала, қаншаданы несі, айттым ғой бір қағаз деп, сонда әр қайсысы жиырма бес мыңнан түсті емес пе деймін арзан алдық деген разылық пішінмен. Сонымен баяғы өзім көрген төбел қошқарымды ұстатып жиырма бес мың ақшаны бердім де қойыма егелік қылдым.
Тоқты қошқардың екі құлағынан ұстап алғанмын. Аяғынан ұстасам айрылып қалар түрім бар. Құлағын қысып ұстаған сайын қойым секірсін кеп.Үйден жіп қарастырып алып шықпаған екенмін, әбден әбіржіп мал соятын құсханаға суретіліп әрең жеттім. Адам қалың. Кіреберіс опыр-топыр. Қойды байлап қоятын жіптің жоғын жоғарыда айттым. Балама ұстатып өзім неғылған опып-топыр екенін бажайлайын десем, көлікті тұраққа қоямын деп кеткен бала әле жоқ. Қойымды сүйреп өтіп кетейін жол беріңдер десем, уау, жарықтық қайда барасыз, бәрімізде мал сойдырмақшы болып тұрмыз ғой деп жол бермейді. Сөйтсем құсханаға кіруім үшін мың теңгеден талон алуым керек екен. Мына топырлаған жұрт соның кезегінде екен.
Әрең дегенде талонды алып ішке кірдім, әрі қарай жүрейін десем, сойылғалы жатқан малдан кіріп-шығып жатқан адам көп. Тәртіп, жүйе деген атымен жоқ. Аяғыңның астында, жүрер жолыңда мал сойып жатқандар біреу емес бірнешеу.
Қойымды қалыңда сүйреп жүре алмай ұзақ тұрып қалдым. Аяқтың асты қып-қызыл қызыл қан. Қан ағар науашалар малдың жыныменен толып бітеліп қалған. Оны тазалап жатқан жан жоқ. Сойылған малдың қаны кірерге тесік таппай сумаңдап әрі ағып бері ағып, ақыр соңында адамдардың аяғының астына қарай жайыла ағуда. Мешіттегі уағыз айтқан молдалардың малдың көзінше пышақ қайрамау керек, сойылғалы жатқан малдың сойылған малға көзі түспеуі керек деген қағидалары осы арада әдірам қалып, оны ескеріп жатқан жан баласы жоқтың қасы.
Алдымнан қос пышағын қонышына тыққан бір жігіт шығып:
-Қойды маған беріңіз, мен сойып берейін? Бірақ, қызметіме үш мың теңге бересіз демесі бар ма.
-Уау, жігітім бұрында да мал сойдырып жүр едік, бұлай емес еді бүгін бағасын көтеріп жіберіпсіңдер ғой.
-Көке рынок қой, қайдан келгенсіз өзі, аспаннан түскендей болып тұрсыз ғой.
-Уау, бүгін құрбан айт емес пе?! Қайыр-сақауат деген...
-Көке сауаппен бала-шаға бағып болмайды, болыңыз сойдырасыз ба? Сойдырмасаңыз мен басқаға кеттім,-деп дес берер емес.
-Шарасыздан, қап! Көп қабатты үйде емес, жер үйде тұрғанымда ғой, өзім-ақ сояр едім деймін қойды ұстатып жатып. Сөйтіп тұрғанымда сойылған қойының басының қанын сорғалатып өтіп бара жатқан біреу, үстіме құлай жаздады. Бастың қаны мені қан-майданнан жаңа шыққандай кейіпке түсірді. Қарағым-ау көзіңе қарамайсың ба деймін кейістік танытып. Кешіріңіз, көке! Қайтемін біреу итеріп жіберді ғой дейді, оным сүмірейіп ығысып сыртқа шығып бара жатып. Сөйтіп тұрғанда қолында шелегі бар бір келіншек келіп, аға, ішек қарын тазалатасыз ба дейді, шалбарыма жағылған қанды сүртіп жатқан маған қарап. Қызмет ақыма көп сұрамаймын, мың теңге берсеңіз болды дегеніне, жарайды дедім, болары болды ғой деген адамның кейпімен. Сол аралықта өзіңіз оқисыз ба, молда шақырасыз ба, болыңыз демесі барма жаңағы қасабымның. Молдаң мешітте ме, осында ма деймін абыржып. Жаңа осында үш-төртеуі жүрген. Жарайды шақырып келейін деп қалыңның ішіне кіріп кеттім.
Қысылып соқтығысып, жол беріңдер, жол беріңдер дей жүріп зорға дегенде арғы жақтағы есікке жақындап үстіме қарасам, сау тамтығы қалмағаны соншалықты, ақ көйлек, қара шалбар, қара туфлиым быт-шыт болыпты. Молдалар: «Құрбан айт күні таза, жаңа киім киіп, үстіңе қош иіс шығаратын иіс судан сеуіп намазға келіңдер. Намаздан соң ауру – сырқаудың қолын алыңдар» дегеніне орай киініп шыққан түрімнің мал базардағы түрі осы.
Алақтап тұрған маған молданы көрдім деген жан болсашы. Молда көзге түспеген соң, ит тұмсығы батпастай қалыңға қайта кірдім. Иық тіресіп зорға дегенде елуге тарта қасаптың ішінен өз қасабымды зорға дегенде тауып молданы таппағанымды айтып, өзім оқи салайын деп ишара жасадым. Аллаһу акбарды үш қайтарып, бісмілләні айтып, өзімше билік өзіме тигенсіп, бір-екі зәм сүрені қосып оқып соңын тиеберсінмен аяқтап «Аумин!» дедім.
Көзімді тайдырып теріс қарап тұрғанмын, пышаққа түскен малды көрмей-ақ қояйын деп. Бір сәтте басыңызды алыңыз деген дауысқа жалт қараған маған, қаны сорғалаған басты ұстата салмасы барма қасап жігіттің. Бұны қайтемін деген маған, арғы жаққа барыңыз үйітіп береді деді де, қой терісін пышақтың ұшымен сыпыра берді. Қаны сарқылмаған басты қанын сорғалатып қолға ұстап баяғы қалыңға қайта кірдім. Сіздерге өтірік маған шын, қолымдағы бастың қаны талайдың киіміне тигенін олар сезбегенімен мен сезіп келемін. Себебі жаңа менде сезбегенмін, шыққанда барып бірақ білгенмін. Қалыңнан шықтым-ау дегенде, бір қалыңға киліктім. Бәрінің қолында қаны сорғалауын қойып, дегдіген қойдың басы. Бұл не топыр деген маған, талонның кезегі дейді алдымдағы бас ұстаған. Сөйтсем бұл жердеде сол талон алып бас үйітетін қораға кіреді екенмін. Талоның болмаса кіргізбейді. Есіктің алдында қара киген «қос батыр» талон тексеріп тұр.
Күн ұзаққа кезегім қашан келеді, сойылған малдың еті не болады арғы жақтағы деп тарығып тықыршып тұрғанымда, аушының итіндей жалақтаған бір жалаңбас келіп, басты аға маған беріңіз, мың теңге берсеңіз талонсыз-ақ үйітіп беремін демесі бар ма?! Қуанып кеткенім соншалықты тісінде қағып бересін бе деппін. Әй-шәйге қарамай жаңағым қолымдағы басымды алып ішке кірді де кетті. Таппай қалдым. Көрінгеннің қолындағы басына қараймын. Менің төбел басым көрінбейді. Сөйтіп жүргенде жаңағы жігіттің өзі келіп, мың теңгеңізді беріңіз, басыңызды бір жігітке табыстадым деп қолын ақшаға созып тұр. Осы жасқа дейін талай халыққа жасалатын қызметтің талай түрін көріп едім, қызметтің мынандай түрін бірінші көрген маған көп жай түсініксіз болып тұр. Басты әуелі қолға алайықта деймін. Басты қолға алсаңыз онда мына жігітке бес жүз теңгеңізді бересіз жүріңіз , маған тап қазір бес жүз теңге берсеңіз болды деп айтқанын алдыда, жаңағым тағыда басқа жаңа басқа кетті-ау құдай біледі, лезде зым-зия жоқ болды. Айнала қара құйқаның қара тозаңы. Жан-жақтан көк жалыны гүрілдеген көк құман. Әр бір бастың жанында басым ауысып кетеме қайтеді деген күдікпен тұрған бастың егесін қосқанда үйітушімен екі адамнан. Енді есебіне бара беріңіз қанша бас болса қанша адам екенін.Үріккен қаздай дүр етіп көтерілген адамдардың, ойбай өртенді деген даусынан төбе шашым тік тұрып, ел сапырылысып жүгірген жаққа менде жүгіре бердім. Қалың көпшілік қораның бір жағын жапыра құлатып сыртқа қашып шықты. Абырой болғанда аяқ астында қалып қойған ешкім болмады. Қалып қойса құрбан айт кейбір отбасына қуаныш емес қайғы әкелген болар еді. Беті аулақ! Әйтеуір құдай сақтады. Қолы күйген, білегі күйген, үсті күйген қаншама жанды көзіміз көрді.
Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші, пәлекет баяғы бас үйітетін көк құманнан шығыпты. Ол бензинмен жанатын болғандықтан, күн ұзаққа жететін бензинді қамтып, үлкен бес литрлік баклашкамен әр қайсысы бензин алып келіп қойған ғой өздерінші пысықсынып. Сонымен қызып алған көк жалынды көк құман қойсын ба, қыза-қыза бақлашкадағы бензинге жалыны жетіп аяқ астынан от тиген бақлашкадағы бензин атылған.
Содан арғы жағы жаңағыдай жағдай... Ел шулап өзіне-өзі келе алмай сапырылысып жүр. Байтал түгіл бас қайғы демекші, басын тастап қашқан адам қаншама. Қап-қара болып домаланып жатқан шала үйітілген қара бастар, қара суыққа ұрынған қара қырықпа қауындай домаланып жатыр. Домаланған бас кімдіке, қай қойдың басы екенін бір Аллаға ғана аян. Бастан күдер үзіп, аузымдағы «Астапыралла, Астапыралла, Астапыралламен» далбалақтап жүрген маған, әлігі бас үйіткіш балам кезіккенде амансың ба қарағым дей беріппін. Аға құдай сақтады дейді. Қолында менің қойымның басы. Жаңа ел дүрлігіп қашқанда қолымдағы басты ұстаған күйі қашып, жан таласып жүгіре беріппін ғой деп қолыма басты ұстатып жатыр. Рахметімді айтып, теңгесін беріп, қолымда шала үйітілген қойдың басын ұстап баяғы қасабыма барайын.
Барсам: «Уау, ағасы қайда жүрсіз, пакет қайда ет салатын?» дейді ғой менің жүрісіме көңілі толмаған пішінмен. Оны қайдан аламын деймін уайым басып. Онсыз болмайды, мына үйлердің арасымен барсаңыз әріректе базар бар, сол жерден барып алып келіңіз, тұрмаңыз деді баласын жұмсағандай жұмсап.
Қуыстармен кетіп барам, ары-бері өтіп жатқан адам. Әй балам тоқташы дедім, алдымнан зуылдап бес-алты пакет ұстап жүгіріп бара жатқан балаға жалынышты үнмен. Бала орнында зорға тұр. Ата асығыспын дейді. Балам пакет керек қайдан алдың, қайдан аламын деймін. Пакет базарда оны айтқанмен сіз табамын деп ұзақ жүріп қаласыз, оданда біреуін жүз теңгеден алыңыз, ол жақта елу теңгеден сатып жатыр дейді көзі жыпылықтап. Жарайды деп алты пакетті алты жүз теңгеге алып ет пен бас, ішек қарын мен өкпе, бауырды пакетке салып баламыз екеуміз базардан зорға шықтық.
Ойдың тұздығы: Адамдар мына пейлімен қайда барады. Мақсат осы бір күнде өте шығар құрбан айт мерекесінде ақша істеп қалу ма? Құдайға құрбандық арқылы жақындасу дегені қайда молдалардың? Осы бір күнде табылған ақша қанша күнге жетеді? Бар ғұмырына бүгінгі тапқаны жетпесі анық. Мың теңгеден талон бергендердің мақсаты не? Елден ол ақшаны жинап алғаннан соң, соның қайтымы ретінде келген адамдарға жағдай жасалынбай ма? Билік басындағылармен дін басындағылар бұл бассыздыққа қалай жол беріп отыр. Жоғарыдағыдай пәлекеттен кісі өлімі болып жатса, бұған кім жауап береді? Сонда біз кімбіз, қайда барамыз? Бүгінгі менің көргенімнің бәрі имандылыққа жат. Құдайды ойлайтын күні құдайды ойлау былай тұрсын, құдайдан қорықпаған осындай пенделерді көрдім. Атам қазақ: «Құдайдан қорықпағаннан қорық!» деп осындай жағдайды айтқан екен ғой дедім ішімнен үйіме келе жатып.
Төлемырза Темірбекұлы,
«Төртінші билік» газетінің директор-редакторы
Астана қаласы
Ұлт порталы