04 қаз, 2024 сағат 16:33

Төлеген мұғалім (әңгіме)

Фото: Pexels.com

Төлеген мұғалім көшенің арғы басынан бергі басындағы мектеп интернатына күніне бірнеше рет келеді-ау. Жүрісі бөлек. Ол кісінің жайлап жүргенін елестете алмаймын.

Мектеп бітіріп, оқуға түсе алмадым. Келесі жылы Алматыға бара алмайтынымды біліп, әйтеуір бір оқуға тапсырармын деп жүргенімде, қолында газеті бар Төлеген мұғалім келіп, Оралда жаңа оқу орнының режиссура факултеті ашылып жатқанынан хабар берді. Мен ойланбастан жол тарттым. Дипломымды қолыма алып келгенімде, ең алғаш құттықтап Бақшау апайым жетті үйге.

Шабыт фестивалінен жүлделі болып келген кезім. Театрға іздеп келді мұғалім:

- Біріншіден, құтты болсын. Екіншіден бұл жүлдеңді (төс белгіні) маған музейге тапсыр. Бұл жүлделеріңнің басы ғана. Ертең бұдан да мықтыларды қанжығаңа байлағанда бұл төс белгіні тақпайсың да. Ал мұражайда бұны ел көріп, тілекшің болып отырады, - деді.

Мұғалімге "жоқ" дей алмайтын балалығымыз бойымызда қалған менің (әлі қызығы басылмаған) төсбелгіні ұсына салудан басқа амалым болған жоқ. Қазір сол мұражайда маған арналған бұрыштың ең алғашқы жәдігері болып тұрғанына 22 жыл болыпты. Қайран менің мұғалімім, бірнеше жылдардан кейін президенттің қолынан жоғарғы награда алатынымды білген де, сенген де сіз ғанасыз-ау.

Мұғалім келесі бір келгенінде:

- Маған ең алғашқы қойылымыңда киген кастюмің керек. Музейге, - деді.

- Мұғалім, менің оны ала алатын беделім бес болып тұрған жоқ қой. Оны қалай аламын театрдан?

- Оны білмеймін. Ертең соғам. Дайын тұрсын. Бар жұмысым сол, - деді де жөнелді.

Құдай оңдап костюмер Роза апам жағдайды түсініп: "Бұл жақсы ғой, қызым. Сен мықты қыз болып тұрсың артыңнан мектептегі мұғалімің іздеп жүрсе. Ал ана алғашқы киген кастюміңді. Бердім саған", - деді.

Сол келгенінде мұғалім:

- Сен ауыл жаққа көп алаңдама. Сен ана Маулетке (кенже інім) мұқият бол. Соны оқыт. Сол баланы өзің қадағала. Ал ауылдағы шешеңнің жағдайын уайымдама. Өткенде терезесін салып бердім. Әйнегі сынып кеткен екен (әйнек табу деген ол заманда ең қиынның қиыны) Қыста көмірін өзім тауып берем. Оған алаң болма, - деп кетті.

Қарап отырсам, мұғалім мен оқыған класқа сабақ бермеді. Бірақ, менің тағдырымды, өнер жолындағы әр қадамымды көзінен таса қылмады. Тілекші болды. Ауылға бір барғанымда өзі жүгіріп жүріп, клубқа елді жинап менімен кездесу ұйымдастырды. Ол кезде әлі жас, ештеңеге қол жеткізбеген уақытым ғой. Сол кездің өзінде үлкен үміт артып, ауылдан шыққан бір бүлдіршінге сондай ықылас аударуы қаншама жауапкершілікті табыстағаны екен ғой. Мектептен кеттің, болды, ендігі тағдырың өз қолыңда демеді.

Төлеген мұғалім ауырып қалыпты дегенді естіп, больницаға бардым. Бақшау апайым қасында отыр екен.

- Сіз бізге керексіз, мұғалім. Барлығы үшін алғысымды айтып болған жоқпын сізге, - деп айта алдым-ау...

Бұл тек бір менің ғана естелігім. Мұғалімнің қанша баланың қамқоршысы мен жол көрсетушісі болғанын ел біледі. Ауылымдағы ең көрікті мекеме Төлеген мұғалімнің тірнектеп жинаған музейі, қазір елдің игілігіне жұмыс жасауда. О баста өмірге келген миссиясын толықтай адал жолмен жүріп, адал атқарған жан болса, ол менің Төлеген мұғалімім!

Сіздің артыңыздан ерген тұяғыңыз Жайсаң мұғалім де дәл сол сіз жүрген жолмен келеді, ұстаз. Музейіңіз жарқырап тұр. Сіз елдің перзенті бола білдіңіз.

Автор: Нұргүл Жұбатова