02 ақп, 2021 сағат 20:22

Толассыз жауған жаңбырдан кейін Измирдің бірнеше ауданы су астында қалды

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Түркияның Измир қаласының басты даңғылдары мен көшелерінде су тасқыны болды.

Соңғы бірнеше күнде Измирде екі рет жер сілкініп, су тасқыны болды және сел түрінде табиғи апаттар болып жатыр. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады. 

Измир қаласының губернаторы Явуз Селим Кёшгердің айтуынша, төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды. Олар су тасқыны мен сел салдарын болдырмау үшін жұмыс істейді. Коммуналдық қызметтер мен құтқару топтары су басқан аймақтарға тартылды. Суды сорғызу, жерасты өткелдерін тазарту және кірме жолдар бойынша қажетті шаралар қабылдануда.

«Мұндай көлемді апат соңғы рет 1995 жылы болған. Жауынның тәуліктік мөлшері әдеттегіден бірнеше есе асып түсіп, Измирді су басып кетті. Өкінішке қарай, бір адам қаза тапты. Оның мәйіті Мендерес ауданындағы Еникёйден табылды. Қазіргі уақытта қаза тапқан адамның кім екенін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 20 көлік құралы су астында қалды және 775 нысанды су басты», - дейді ол.

Билік апаттың бетін қайтару үшін барлық шараны қолданып жатыр.