07 қар, 2016 сағат 13:52

Тоқтар Төлешов 21 жылға сотталды

Бүгін Астана қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі әскери сот Тоқтар Төлешов пен оның сыбайластарына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт-ақпарат" ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыпталған Тоқтар Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтейді.

Т. Төлешов 18 ауыр және аса ауыр қылмыстар, соның ішінде адам өлтіру, айуандықпен азаптау, адам ұрлау және т.б. қылмыстар жасағаны үшін сотталды. Оған тағылған айыптардың арасында мемлекетті күшпен басып алуға талпынды  және Қазақстанның өңір-өңірінде жер дауын  ушықтырып, заңсыз митингтерді қаржыландырды деген айыптаулар бар.

Еске сала кетейік, іс материалдарында мемлекеттік құпияларға қатысты деректер болғандықтан, Тоқтар Төлешовтің соты бірнеше ай бойы жабық түрде өткен болатын.

2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп, оны қолға түсірген болатын. Арада алты ай өткен соң, яғни, маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты.

Бұл ойын жүзеге асыру үшін Тоқтар Төлешов құзырлы органдар мен әскери саладағы ведомстволардан сыбайластар тапқан. Қылмыстық істегі басты жауапкер - Тоқтар Төлешев бірқатар қылмыстар бойынша айыпталған болатын, олардың арасында: адам ұрлау, өлтіру, заңсыз бостандығынан айыру, билікті басып алуға жария шақыру, сондай-ақ билікті басып алу немесе ҚР Конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның қызметіне қатысу, тонаушылық, ұйымдасқан қылмыстық топ, ұйым құру және оған басшылық ету сияқты айыптар тағылған.

Сондай-ақ ол қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарылғыш құрылғылардың  заңсыз айналымына айыпталуда. Сонымен бірге, Төлешовтің өткізу мақсатынсыз есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар екендігі жөнінде айып тағылған болатын.

Кейінірек əлеуметтік желіде Т. Төлешовтің қылмыс жасағанына шын көңілімен өкінгені жөнінде құжаттар жарияланды. ҰҚК-нің басшысына жазған өтініш-хатында «Шымкентсыра» ЖШС-нің экс-директоры Т. Төлешов Қазақстанда жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге қарсы шерулерді ұйымдастырғанын мойындады.

«Халық мені қолдау үшін биліктің беделін түсіру керектігін білдім. Ол үшін әлеуметтік жарылыс жасау керек еді. Мұндай іс өз қолымнан келмейтінін түсіндім. Сол үшін Атыраудағы ерік-жігері мол Талғат Аянды іздеп-таптым. Ол өзінің соңынан халықты ерте алатынына сендім. Сондықтан ақшалай демеушілік жасап, «халық батырының» бейнесін сомдауды тапсырдым. Мен БАҚ-тарда ұзақ уақыт талқыға түскен жер реформасының болатынын білдім. Қазақтардың туған жерін қорғау үшін ештеңеден тайынбайтынын ескеріп, осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Сол үшін қызба мінезді тұрғындары көп Атырауды таңдадым. Және ол жердегі бүлікке қатысымның барын ешкім сезбейді деп түйдім. Сөйтіп, өз қызметкерлеріме Талғат Аянға 100 000 доллар жіберіп, «жер мәселесімен» айналысуға және қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы өсек таратуға нұсқау бердім. Мұндай әрекет жұртты дүрліктіріп, халық туған жерді қорғау үшін көтерілетінін білдім»,- делінген құжатта.

Ол өзінің түпкі мақсаты - халықтың билікке деген ашу-ызасын туғызу жолымен елде вице-президент лауазымын енгізуге қол жеткізуді көздеген.