Судья Төлешевтен тәркіленген мүліктердің тізімін жария етті. Мемлекет пайдасына ондаған автокөлік, жылқылар, үйлер мен жер телімдері алынатын болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. Бүгін Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әскери соты Тоқтар Төлешевке қатысты сот үкімін шығарған болатын.
"30 бас жылқы, оның ішінде 11 бас асыл тұқымды, екі ұрғашы және бір атан түйе. Түркістандағы жер телімі, "Митсубиши", "Тайота Ланд Крузер", "Бентли", "Шевроле", "БМВ", "Мерседес, "Шевролет", "Порше каен", "Тайота Камри", "Фольсваген", "Тайота Прадо", "Инфинити", Тайота Прадо", "Тайота Камри", "Ройлс ройлс" маркалы көліктер, автотұрақ пен қаржы-қаражатты", - деп үкім шығарды судья.
Тізімде тәркіленуге жататын 40 шақты көлік көрсетілген.
"Жылжымалы мүлік пен зергерлік бұйымдар. 22 зергерлік бұйым жасау құрылғылары. Тоқтар Төлешевтің, Жұмабаева Оразгүлдің, Есенбаева Надияның, Сауқанбекова Сәуленің, Нуралина Динаның есеп карточкаларындағы қаржы, 183 дана ерлер мен әйелдердің алтын әшекейлері. Тінту барысында анықталған 50 мың доллар, (Досамбаевтан тәркіленген) 18 мың доллар, 855 еуро, 1370 ресей рублі, 15 түркиялық лир, 91 мың өзбек сомы, 5 281 теңге, 29 дана анықталмаған шетелдік валюта мемлекет пайдасына алынсын", - деп оқыды үкімді судья.
Сот шешімі бойынша Шымкентте орналасқан 9 үй мен осынша жер телімі тәркіленеді.