20 нау, 2021 сағат 13:37

Әнші Тоқтар Серіковтің анасы дүниеден озды

Танымал әнші Тоқтар Серіковтің анасы дүниеден өтті. Қаралы хабарды Instagram парақшасында Сәкен Майғазиев жеткізіп, досына көңіл айтты.

"Тоқтар досым, Алла анамыздың алдынан жарылқасын. Сіздердей алтын асықтай ұлдар, инабатты қыздар тәрбиелеген аяулы анымызға Фирдаус жәннәт нәсіп болғай. Исі қазақ қайғыңа ортақ. Бекем бол, Тоқабай", - деп жазған Сәкен Майғазиев.

Осы ретте Тоқтар Серіковтің жары Бейбіт Сейдуәлиева да парақшасында қара сурет жариялаған. Әншінің оқырмандары қара жамылған отбасыға көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқан.

"Иманды болсын... өкінішті. Анаңызды керемет құрметтейтін едіңіз, әр қазақтың ұлы сіздей болсын", "Анаңыздың жаны жаннатта болсын. Тоқтар мырза сізге, туыстарыңызға Алла сабыр берсін", "Әттең-ай... Жанымыз жабырқап қалды. Бекем болыңыздар. Алла алдынан жарылқасын", - деп желідегілер көңіл айтуда.

Осы орайда, Ұлт порталының ұжымы көненің көзі болған, елге қадірлі алтын құрсақ анамыз Маруся Назарбекқызының мезгілсіз дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!