10 нау, 2026 сағат 12:19

Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім бергендер саны үш есеге артты

Фото: Freepik

2025 жылы Қазақстанда 12 671 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін берген, деп хабарлайды Ult.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш соңғы жылдары елдегі донорлық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ведомство мұндай шешім трансплантацияны күтіп отырған бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтады.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылда қайтыс болғаннан кейін донор болуға саналы түрде келісім берген азаматтардың саны айтарлықтай артқан.
Атап айтқанда:

  • 2023 жылы – 4 991 адам,

  • 2024 жылы – 7 242 адам,

  • 2025 жылы – 12 671 адам.

Осылайша, үш жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен үш есеге өскен.

ДСМ пікірінше, бұл деректер қазақстандықтардың донорлық мәселесіне барған сайын жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді. Яғни көптеген азаматтар өмірінде алдын ала осындай маңызды шешім қабылдап, өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін таңдау жасап отыр.