03 нау, 2026 сағат 13:32

Тоқаевтың энергетика саласындағы тапсырмалары қалай жүзеге асырылуда: 2027 жылға қарай Қазақстан энергия тапшылығынан толық арылады


Фото: zakon.kz Павел Михеев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторын жаңғырту мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

«Мемлекет басшысы ең күрделі бағыттардың бірі – энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін сауықтыру бойынша маңызды шешімдер қабылдады. Бұл салалардағы ауқымды жұмыс – жекелеген жобалар емес, инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға бағытталған жүйелі саясат.
Президент атап өткендей: “Энергетика мен ТКШ – кез келген елдің тіршілік етуінің негізі”. Реформалар басталғанға дейін бірқатар өңірлерде генерациялайтын қуат көздері мен жылу желілерінің тозуы 70%-ға жетсе, кей өңірлерде бұл көрсеткіш 80%-дан асып кеткен. Энергетикалық нысандардағы ірі апаттар кезінде қалалардың 30 градус аязда жылусыз қалғанын бәріміз жақсы білеміз», — деді Олжас Бектенов.


Сондай-ақ тарифтерді ырықтандыру және инвестициялар тарту саясаты «тесікті жамау» тәсілінен жоспарлы жаңғыртуға көшуге мүмкіндік бергені атап өтілді.

Қазіргі уақытта Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Екібастұз, Балқаш қалаларындағы жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Алматы, Теміртау, Риддер қалаларында жылу қуаттары жаңартылып, Ақтау, Атырау, Орал, Тараз, Екібастұз (ГРЭС-2) қалаларындағы станциялардың қуаты кеңейтілуде.

Бұдан бөлек, Көкшетау, Семей, Өскемен, Екібастұз (ГРЭС-3), Тараз, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан қалаларында жаңа генерация көздерін құру жұмыстары жүргізілуде. Барлық өңірлерде жылу және электр желілерін реконструкциялау бағдарламалары іске қосылды. Соның нәтижесінде соңғы екі жыл қатарынан жылыту маусымы елеулі бұзушылықтарсыз аяқталды.

«Президент үнемі энергетикалық тұрақтылық – ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін атап өтеді және шешімдер ондаған жылға есептеліп қабылдануы тиіс дейді. Электр энергиясын өндіру көлемі кезең-кезеңімен ұлғаюда: 2019 жылғы 106 млрд кВтсағ-тан 2025 жылы 123,1 млрд кВтсағ-қа дейін өсті. Салыстыру үшін айтар болсақ, жеті жыл ішінде іске қосылған қуат көлемі Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық жиынтық электр тұтынуына тең.
Жалпы, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан энергия тапшылығы бар ел мәртебесінен шығып, электр энергиясы өндірісінде профицитке қол жеткізеді», — деп атап өтті Премьер-министр.


Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті табиғи газға көшіру жұмыстары аяқталады. Бұл қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Генерацияның ұзақ мерзімді теңгерімін қалыптастыру үшін атом энергетикасын дамыту туралы шешім маңызды қадам болды.

Алғашқы атом электр станциясын салу сұраныстың өсуі жағдайында тұрақты энергиямен қамтуды қамтамасыз етіп, көміртек қарқындылығын төмендетуге және генерация көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Бұл жоба технологиялық дамуды ілгерілетуге, өндірісті жергіліктендіруге және инженерлік кадрларды даярлауға негіз болатын тірек нүктесіне айналады.