15 қыр, 2023 сағат 15:48

Тоқаев: Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға

Фото ашық дереккөзден алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80-жылдығына арналған конференция қатысушыларына құттықтау хатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қадірлі қауым!

Сіздерді көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуымен құттықтаймын!

Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға.

Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Оның «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қар қызы», «Ұйқым келмейді», «Атау кере» және басқа да туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына құнды қазына болып қосылды.

Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - делінген хабарламада.