11 қыр, 2025 сағат 16:29

Тоқаев халықаралық форум қатысушыларымен кездесті

Фото: Ақорда

Астанада «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты халықаралық форум аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдердің конституциялық қадағалау органдарының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба және Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толғанын атап өтіп, оның елдегі тұрақтылық пен даму үшін маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ Қазақстанда жүргізілген саяси және конституциялық реформалардың нәтижесінде өкілді биліктің рөлі күшейіп, Конституциялық соттың қайта құрылуы әділ сот төрелігіне кең жол ашқанын жеткізді.

Президент жуырдағы Жолдауында белгіленген басымдықтарды да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан технологиялық тұрғыдан озық елге айналуды мақсат етіп отыр. Жасанды интеллектіні кеңінен қолдану мен жаппай цифрландыру ұлттық идеяға айналатынын мәлімдеді.

Тоқаев Парламент жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды. Ол «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының сақталатынын және ұлттық маңызды мәселелер референдум арқылы шешілетінін айтты.

Форум қонақтары Қазақстандағы реформаларға оң баға беріп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.