25 қыр, 2020 сағат 14:50

Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына қатысты түсінік берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативті хаттамасына қол қоюына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жуырда ғана Қазақстанда өлім жазасынан бас тартуды қарастыратын екінші факультативті хаттамаға қосылу жөнінде шешім қабылданды. Кезінде Тұңғыш Президентіміз тарапынан өлім жазасына жарияланған мораторий күшінде болғандықтан, бұл шешім Конституцияға толық сай келеді және Ата заңға ешқандай өзгеріс енгізу қажет емес. Шын мәнінде, елімізде өлім жазасы жоқ. Тек Конституцияда қарастырылған екі ғана болмашы ерекшелік бар. Олар факультативті хаттаманың талабына толық сай келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады.