17 нау, 2021 сағат 17:40

Тоқаев: Бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес барысында бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. 

Осы орайда ол ахуалдың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты. 

Мемлекет басшысы бизнеспен «кері байланыс» орнатудың нақты әрі тиімді тетігін жолға қою қажеттігін жеткізді. 

Бұл ретте Президент қала әкімінің жанындағы Іскерлік кеңестің конструктивті жұмысын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту үшін өсімнің жаңа бастаулары қажет деп санайды. Мұндай бағыттардың бірі жаңаша түрленген экономика. 

– Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар. Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағыт бойынша толыққанды әрі заманауи нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеу механизмін әзірлеуді тапсырды.