02 қар, 2018 сағат 12:33

Астанада ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары Астанада бас қосты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамдарда өтті.

Отырысқа Қазақстан Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Д. Медведев, Әзербайжан Премьер-Министрі Н. Мамедов, Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев, Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі А. Арипов, Арменияның Бірінші Вице-Премьері А. Мирзоян, Түрікменстан министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Г. Мурадов, Беларусьтегі Молдова елшісі, ТМД жанындағы Тұрақты уәкілетті өкіл В. Сорочан, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С. Лебедев қатысты.

Шағын құрамдағы отырыста ТМД-ға мүше елдердің экономикалық өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша пікір алмастырылды. Сонымен қатар, үкіметтік делегациялардың басшылары бірлескен қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Қазақстан тарапы сауда қатынастарын нығайту, ғарыш саласында бірлескен жобаларды іске асыру, экономикалардың цифрландыруға көшуі жөніндегі жұмыстарды жандандыру, «жасыл» технологияларды және инновацияларды дамыту салаларында мүше мемлекеттердің бірлескен бастамаларын іске асыру мәселелерін көтерді.

С. Лебедевтің айтуынша, делегациялар басшыларының барлық бастамалары мен ұсыныстарын ТМД Атқарушы комитеті олардың тәжірибе жүзінде Достастықтың жарғылық және салалық органдарының деңгейінде іске асырылуы бойынша тиісті құжаттарды әзірлеу мақсатында мұқият талдайды.

Жалпы алғанда, отырыс қатысушылары бүгін қабылданған шешімдер мен олардың іс жүзіне асырылуы Достастық аясындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша шамамен 25% өсіп, $22 млрд астам соманы құрады, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында аталған көрсеткіш 10,6%-ға өсіп, $13,6 млрд құрады (2017 жылдың осындай кезеңінде — $12,3 млрд). Қазақстаннан ТМД елдеріне экспорт 2018 жылдың қаңтар–шілде айларында 16,9% өсіп, $5,3 млрд құрады.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстың күн тәртібінде энергетика, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қамсыздандыру, ғарыш саласы, салықтық әкімшілендіру, байланыс және инновациялар, зияткерлік меншік нысандарының құқықтарын қорғау, сондай-ақ, гуманитарлық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты 13 мәселе қаралды.

Үкіметтік делегациялардың басшылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары технологиялы энергетикалық жабдықтар өндіруді дамыту бойынша қабылданып жатқан ынтымақтастық тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті. Бұл өндірістік қуаттылықтарды кеңейтіп, жаңғыртуға, жаңа өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және жалпы Достастық елдерінің энергетика секторын, машина жасау және өнеркәсіп салаларын дамытуды күшейтуге жол ашады.

Отырыс барысында «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директорының орынбасары Н. Спасскийдің, «МЭИ» ұлттық зерттеу университетінің бірінші проректоры В. Замолодчиковтың баяндамалары тыңдалды.

ТМД Үкіметтері басшыларының кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды:
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық апат оқиғасына немесе радиациялық апаттық жағдайдың туындауына дайын болу және олардың салдарын жою кезінде өзара көмек көрсетуді қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында орман ауруының ошақтары мен зиянкестерінің алдын алу және жою бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласында бірлескен қызметті жүзеге асыруы туралы келісім;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электронды және электр техникалық жабдықтар қалдықтарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы 01.06.2018 жылғы келісімін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
  • 17.01.1997 жылғы Ұялы жылжымалы байланыс жүйелерін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  • Салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында электронды ақпарат алмасу туралы хаттама;
  • «Уран шығаратын өндірістер әсер еткен мемлекеттердің аумақтарын қалпына келтіру» мемлекетаралық мақсатты бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы шешім;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары технологиялы энергетикалық жабдық өндіруді дамыту және оны іске асырудың негізгі шараларының жоспары бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасы;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Инновациялық ынтымақтастығының мемлекетарлық бағдарламасы аясында мемлекетаралық инновациялық жобаларды және іс-шараларды іске асыру нәтижесінде құрылған зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды бөлу тәртібі;
  • 2020 жылға дейінгі кезеңде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде соғыс ардагерлерінің – жергілікті шиеленістер қатысушыларының және олардың отбасы мүшелерінің өмір сапасын жақсарту және медициналық-әлеуметтік көмекті одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың іс-шаралар жоспарын 2019 жылы қаржыландыру туралы шешім;
  • ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басым іс-шараларының 2019–2020 жылдарға арналған жоспары;
  • 17.01.1997 жылғы Ұялы жылжымалы байланыс жүйелерін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттама туралы келісім.

Бұдан өзге, ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселе шешілді. Достастықтағы төрағалық түрікмен тарапына өтеді. ТМД Үкіметтерінің басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылғы мамырда Ашхабадта (Түрікменстан) өтеді.