Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Бекболат Тілеухан бүгін елордада өткен Ұлттық кеңес отырысында талқыланған мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық кеңес отырысында Президент көп көзғалған мәселенің бірі - латын әліпбиіне өту болды. Ол »Ешқашан асығуға болмайды. Бұл қауіпті нәрсе« деді. Ғалымдардың пікіріне сүйеніп, сараптама жасау керектігін айтты», - дейді Бекболат Тілеуханов.
Сондай-ақ, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін реформалау керектігін айтқанына тоқталып өтті.
«Айтып өткен тағы бір маңызды мәселе - қазақ тіліне реформа жасау. Бұл мәселе бойынша ғалымдар тарапынан екіұдай пікір қалыптасуы мүмкін. Мысалы, түрік тіліне реформа жасау арқылы жалпы тілдерді игеру жағын қарастырған. Шығармашылық тіл - бір басқа, күнделікті қолданатын ауызекі тіл - бір басқа. Тілді сақтау тек заңмен іске асатын нәрсе емес қой. Бұл қадамның маңыздылығын естіген бойда түсіне қоймауымыз мүмкін, бірақ түбегейлі бір нәрсе іске асатын болса тілдің көкжиегі ашылады. Президентіміз айтқандай, бұл - жеңіл-жалпы қарайтын нәрсе емес. Бұл жерде ғалымдардың еңбегі, қоғам тарапынан көмек керек. Бұл жерде реформа қажет болып тұр. Бұл - ұлт тағдырына қатысты маңызды қадам», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 6 қыркүйек күні Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мемлекеттік тіл мәртебесі туралы заң қабылдау туралы ұсыныс айтқан болатын.