25 жел, 2019 сағат 15:06

Тілдік реформа

Президент Қ.Тоқаевтың қазақ тіліне деген шынайы жанашырлық көзқарасы қабылдаған шешімдері мен ұсыныстарынан айқын аңғарылып отыр. Әліпбиді жетілдіруге байланысты және тілдік реформаға қатысты тапсырмалары осының айғағы.

Ең бірінші тілдік реформа дегеніміз не деген сұраққа тоқтала кетсек. Жалпы реформа деген сөздің өзі бәрімізге белгілі «өзгеріс» деген мағынаны білдіреді. Осы латын графикасына көшу шаралары басталғаннан бері әсіресе ғалымдар, тілшілер тарапынан «тілдік реформа» жүзеге асады деген тіркес өте жиі айтылып келе жатыр. Сонда тілдік реформа деген не? Қолданыстағы сөздерімізді басқа сөздермен ауыстырып, мүлде басқа тілді қабылдау ма? Жоқ әрине. Тілдік реформа дегеніміз:

Біріншіден, белгілі бір тілдің графикасына, яғни әліпбиіне, лексикасына, грамматикасына және сөздік қорына жүргізілетін өзгеріс;

Екіншіден, бұндай өзгерістер сол тілді қолдануды жеңілдету мақсатында жасалады, яғни тілдегі әріптік болсын, грамматикалық болсын, лексикалық тұрғыдан болсын қиындық тудыратын, басы артық элементтерден құтылу;   

Үшіншіден, бұл өзгерістердің арнайы құжаттар арқылы ресми түрде бекітілуі және халықтың жаппай соған бағынуы.

Міне, тілдік реформа деген ұғым осыларды білдіреді.

Жалпы әлемде тілдік реформа ұғымы ең бірінші әліпби мен емлені жеңілдетумен, орфографияны оңайлатумен тікелей байланысты қарастырылады. Мәселен әлем тілдері мысалына қарасақ, қытайлар жазуындағы дәстүрлі иероглифтерді жеңілдетілген иероглифтерге, чехтар XIX ғасырдағы w әрпін v таңбасына ауыстыруын тілдік реформа ретінде қарастырады. Кейбір тілдерде көне тілдік элементтерден бас тартып, сөздіктерді жаңарту үрдісі болған, бұны да тілдік реформаға жатқызады, сондай-ақ қосымшаларды қысқарту, өзгерту үрдісі де тілдік реформа деп танылады. Мысалы алысқа бармай-ақ орыс тіліне назар салсақ, I Петрдің  тұсындағы алфавиттегі өзгерісті, XVIII ғасырдағы Ломоносовтың орыс тілінің байлығы мен мүмкіндіктерін сипаттаған грамматикасының жарыққа шығуын, сондай-ақ 1917-18 жылдардағы емледегі өзгерістерді, одан кейінгі 1918-56 жылдар аралығындағы емледегі өзгерістерді тілдік реформа деп бағалайды.

Ал қазақ қоғамында тілдік реформа болды ма? Әрине болды, әліпби ауыстыру негізінде 3 рет тілдік реформа жүргізілді. Оның ең біріншісін, жазуды оңтайландыру және халықты жаппай сауаттандыру ісін жеңілдету бағытындағы алғашқы реформаны А.Байтұрсынұлы жасады. А.Байтұрсынұлы жасаған тілдік реформа қандай болды дегенде:

1) Қаншама ғасыр бойы өзгеріссіз қолданылып келе жатқан араб әліпбиіндегі қазақ тілі үшін қажетсіз деп танылған  артық 12-13 таңбаны алып тастады;

2) Ортатүркі жазу дәстүріне тән элементтер мен түркі қосымшаларынан қазақ жазу жүйесін толықтай тазалады;

3) Түпнұсқамен жазылып жүрген араб, парсы сөздерін қолданыстан шығарып, қазақ тілінің айтылымына икемделген нұсқасын орнықтырды;

4) Ұлттық жазу жүйесіне негізделген ең алғашқы емле ережелерін қалыптастырды.

Бұл ХХ ғасырдың басындағы ең сәтті әрі тиімді жасалған тілдік реформа болды.  

Одан кейін бәрімізге белгілі 1929 жылы латын графикасын қабылдадық. Бұл кезеңдегі жазу реформасы түркі халықтарын кириллицаға өткізу үшін уақытша жасалған нәрсе болатын. Бұл кездегі реформада да тіл жанашырлары жазуды жетілдіруге, жеңілдетуге жанталасты. Бұл екі кезеңдегі әліпби жүйсінде, яғни Байтұрсынұлы әліпбиі мен 1929 жылғы латын әліпбиінде басы артық таңбалар болған жоқ. Сол үшін де кірме сөздердің барлығы ұлттық дыбыстық ерекшелікке сәйкес жазылған болатын. Одан кейінгі қабылданған кирилл әліпбиін бәріміз білеміз. Төл дыбысымыз 28 болса да, 42 әріпті қабылдап, 80 жылға жуық орыс сөздерін орыс орфографиясымен, қазақ сөздерін қазақ орфографиясымен жазып келе жатырмыз.

Енді дәл қазіргі таңдағы қолға алынып отырған жазу реформасы, яғни латын әліпбиіне көшу – ең біріншіден артық әріптерден құтылуға мүмкіндік жасап отыр. 2017 жылдан бастап латынға көшуге байланысты жұмыстар басталып кетті. Қазақ жазуы үшін қандай әліпби керек, әліпби қандай шарттар мен талаптарға жауап беруі керек, емленің құрылымы мен мазмұны қандай бағытта болу керек деген мәселе біршама айқындалды. Қазір арнайы құрылған жұмыс тобы мамандары осымен айналысып жатыр.

Жазу реформасының сәтті, әрі уақтылы  жүзеге асуы үшін мына нәрселерге баса назар аударған дұрыс деген ойдамын:

1) Президент әліпбиді жетілдіруге байланысты шешім қабылданған соң қоғам пікірімен санасу мақсатында жекелеген азаматтар тарапынан ұсынылған әліпби жобалары талқылаудан өтіп жатыр. Бұл әрине, пайдалы, дұрыс. Десек те алдағы уақытта келіп түсіп жатқан бұндай жобалардың  әрқайсысын талқылауға уақыт кетірмей, орфографиялық топ мүшелері дұрыс деп таныған, оңтайлы әліпби жобасы тез арада Үкіметке ұсынылуы керек. Себебі, ұлттық жазудың шарттарына сәйкес келмейтін, қазақ жазуына жарамайтын әліпби жобаларын талқылауға уақыт кетірудің қажеті жоқ.

2) Бір дыбыс бір таңбамен белгіленуі керек, әр дыбысқа жеке-жеке таңба арналуы керек, диграф, триграфтар әліпби құрамында болмауы керек деген принциптен ауытқымауымыз қажет, бұл орфографиялық жұмыс тобының қарары ретінде ресми түрде ұсынылғаны дұрыс. Бұндай ресми түрдегі қарардың болмауы кесірінен әліпби жобасын ұсынушылар тарапынан екі дыбысты бір таңбамен беру, т.б. кемшіліктер орын алып жатыр. 

3) Жазу реформасына қоғам бей-жай қарамайтыны анық, осы тұрғыдан алғанда ғалымдар тарапынан болсын, халық тарапынан болсын пікір қайшылық пен дау-дамайдың орын алу заңдылық және бұны тоқтатпаса ол жалғаса береді, ешқашан тоқтамайды. Сол үшін дұрыс деп танылған 4-ші әліпби мен емле ережесі  ресми түрде арнайы Жарлықпен бекітілуі керек (мақұлдану емес). Емле ережесі бекітілгеннен кейін жүйелі жұмыс жүреді. Латын әліпбиіне көшу жұмыстарының барлығы осы емле ережесіне тіреліп отыр.  

4) Қазір 42 әріп 32 әріпке түскеннен кейін емледегі ең көп өзгеріс кірме сөздерді таңбалауда болып отыр. Осы мәселеде пуристік бағытты ұстанушылар мен керісінше жақтамаушылар тарапынан пікір екіге жарылды. Пуристік бағыттың жағымды да, жағымсыз да тұстары болатындығын ескеруіміз керек. Министр сөзін міністір, университет сөзін үніберсітет, фильм сөзін пілім деп жазғаннан ешкім патриот болып кетпейді, бұлайша түбегейлі төңкеріс жасауға асықпауымыз керек. Себебі біз ХХ ғасырда емес, ХХІ ғасырда ақпараттық технология дамыған заманда, үштілділік жүйесі бар қоғамда отырғанымызды және кирил санадағы халық пен латын санадағы жас ұрпақтың аралығында отырғанымызды ұмытпағанымыз жөн. Тілдік реформа деген жазуды, орфографияны жеңілдету екендігін ескерсек, базалық нормада қалыптасқан сөздерге түбегейлі төңкеріс жасау қалам ұстаушыларға жеңілдік емес, қиындық тудыратыны сөзсіз. Сол үшін бастапқы кезеңде әліпби құрамында таңбалары жоқ кірме сөздердің жазылымын реттеуге баса назар аударылғаны дұрыс.  

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Орфография басқармасының басшысы