Фото: ашық дереккөзден
Қазақстанда мемлекеттік тілдің қолданысы туралы мәселе жыл сайын өзектілігін жоғалтпай келеді. Заң бар, норма бар, бірақ оның нақты орындалуы – қоғамдағы ең әлсіз тұстардың бірі. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мемлекеттік тіл талаптарын сақтамағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті нақты іске қосуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабында тіл нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанымен, ұзақ уақыт бойы бұл норма толыққанды жұмыс істемей келген.
«Бұл бап бар, бірақ оның нақты тетіктері болмады. Мен 2020–2024 жылдар аралығында осы механизмді енгізу мәселесін көтердім. Алайда өзгерістер тек мемлекеттік органдарға ғана қатысты болып, жеке кәсіпкерлер қамтылмай қалды», – дейді Абзал Құспан.
Оның сөзінше, заң жобасын қабылдау барысында кәсіпкерлік субъектілеріне әсері жөнінде жеткілікті талдау жүргізілмеген. Соның салдарынан норма толыққанды іске аспай отыр.
«Кәсіпкерлерге бұл қалай әсер етеді деген сұрақ бойынша зерттеу болуы керек еді. Өкінішке қарай, ол жасалмады. Сондықтан бүгінгі таңда бұл талаптар тек мемлекеттік органдарға ғана қолданылады», – дейді депутат.
Соған қарамастан, Абзал Құспан бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпайтынын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылы әкімшілік нормалар толық қабылданып, тіл талаптарын сақтамау фактілеріне қатысты нақты жауапкершілік тетіктері енгізілуі мүмкін. Депутаттың пікірінше, әкімшілік жауапкершілікті күшейту жазалау үшін емес, алдын алу үшін қажет.
«Кей жағдайда бір ғана хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Бұл кәсіпкерлер үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан заң бұзушылыққа жеткізбей, алдын алу жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу қажет», – дейді ол.
Мәжіліс депутаты тіл мәселесінің Қазақстанда неге жиі көтерілетініне де тоқталды. Оның айтуынша, елдің тарихи-географиялық және демографиялық ерекшеліктері бұл тақырыптың әрдайым назарда болуына әсер етіп отыр.
«Кеңес кезеңінде Қазақстанды “ұлттар лабораториясы” деп атады. Елде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатыр. Сондықтан тіл мәселесі бізде бірден емес, біртіндеп шешілуі заңды», – дейді Абзал Құспан.
Ол тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерді жеке тәжірибесімен де байланыстырды.
«Мен Орал қаласында өстім. Ол кезде қазақ тілінде қызмет көрсететін орта жоқтың қасы еді. Ал қазір жағдай мүлде өзгерді. Қазақ тілді ортаның белсенділігі артты», – дейді депутат.
Сондай-ақ соңғы жылдары шетелден оралған қандастардың көбеюі де тіл мәселесіне деген сұранысты күшейткенін атап өтті.
«Қытай мен Моңғолиядан келген қандастардың басым бөлігі орыс тілін білмейді. Бұл да мемлекеттік тілдің қоғамдық маңызын арттыра түсті», – дейді ол.
Абзал Құспанның пікірінше, мемлекеттік тілдің қолданысы тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда айтарлықтай ілгеріледі.
«1990-жылдардағы жағдаймен бүгінгі ахуалды салыстыруға келмейді. Қазір қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орны әлдеқайда нығайды», – деп түйіндеді депутат.
