28 нау, 2019 сағат 18:16

Тікұшақ апаты: Ақтөбелік Өмірхан Қауқаевтың отбасына көмек беріледі

Қызылорда облысындағы тікұшақ апатынан қаза болғандар арасында Ақтөбе облысының тумасы ефрейтор Өмірхан Қауқаев бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы қайғылы оқиға кезінде екі ақтөбелік тұрғын қаза тапты. Олар: майор Данияр Қоңырбай және ефрейтор Өмірхан Қауқаев. Өмірхан Қауқаевтың туыстары Мәртөк ауданының, Мәртөк ауылында тұрады. Ол Ақтау қаласының 30153 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет еткен. 28 жастағы жігіттің бір ұлы бар. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, қаза болғандардың туған-туыстарына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіледі», - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.