Фото: Baq.kz
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы алдағы республикалық референдумға байланысты азаматтарға үндеу жасап, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мәліметке сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлыққа сәйкес 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда республикалық референдум өтеді. Онда «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал халықтың талқысына ұсынылады.
Үгіт жұмыстарының мерзімі
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәліметінше, референдумға байланысты үгіт-насихат жұмыстары 2026 жылғы 14 наурыз сағат 00:00-де аяқталады.
Сондай-ақ:
14 және 15 наурыз күндері үгіт жүргізуге толық тыйым салынады;
осы күндері БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, референдум нәтижесіне қатысты болжамдарды жариялауға болмайды;
референдум күні дауыс беру учаскелерінде қоғамдық пікірге сауал салуға да тыйым салынған.
Заң бұзғандарға жауапкершілік бар
Прокуратура заң талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Атап айтқанда:
тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша;
қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелерін жариялау немесе дауыс беру күні сауалнама жүргізу – кодекстің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке әкеледі.
Азаматтарға үндеу
Бас прокуратура референдум кезінде заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында барлық азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
