Кеше Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Қазіргі кездегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институттық шаралары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент палаталарының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, діни ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, халықаралық
сарапшылар қатысты.
Өзекті де өткір мәселелер талқыланған жиынды Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізіп отырды. Дөңгелек үстел отырысында алғашқы болып сөз алған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл өткен сайын қасірет пен қайғы әкелетін экстремизм мен терроризмнің қаупі күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мәжіліс спикерінің атап өткеніндей, еліміздің қауіпсіздігі мен халықтың бейбіт өмірі – Отанымыздың баға жетпес байлығы, ең қымбат қазынасы. Оны көздің қарашығындай қорғау барша қазақстандықтардың абыройлы борышы.
«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап, Қазақстанның қауіпсіздігі мәселесіне әрқашан ерекше назар аударып келеді, – деді Н.Нығматулин. – Бүгінде нақ осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ, экстремизм мен терроризм уақыт өткен сайын қауіпті мәселеге айналып барады. Бұл тек біздің еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі проблема». Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы терроризм мен экстремизмге қарсы күресте Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар бергенін атап өтті. «Ең бастысы, бұл өткір мәселеге бүкіл қоғам болып қатысуда, – деді Н.Нығматулин осы жөнінде. – Соның нәтижесінде біз өзара ұсыныс-пікірлер білдіріп, сапалы әрі тиімді заң жобасын әзірлеу мақсатында жұмыс істеп келеміз. Бұл – біз үшін ерекше маңызды».
Мәжіліс Төрағасының айтып отырғаны – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Аталған құжат жобасы осы айдың алғашқы онкүндігінде Үкіметтен Парламент Мәжілісіне түскен болатын. Өйткені, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Парламенттің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайту қажеттігін атаған еді. Осы заң жобасы бойынша қолданыстағы 5 кодекс пен 19 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілмек.
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров та бүгінгі жиында талқыланатын мәселенің аса өзекті екеніне тоқталды. «Қазіргі уақытта экстремизм мен терроризм қатері жаһандық сипатқа ие болуда, – деді Төрағаның орынбасары. – Діни ұрандардың аясында жасалып жатқан экстремизмнің, фундаментализмнің және терроризмнің географиясы мен ауқымы күн өткен сайын кеңейе түсуде. Бұл мәселедегі біздің міндетіміз – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерінің жолын кесу арқылы адамның, мемлекеттің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету».
Бектас Бекназаров, сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар назарын жоғарыда аталған заң жобасына да аударды. Сенат Төрағасы орынбасарының атап өтуінше, Парламент қаруына түскен заң жобасы негізінен экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы, көші-қон мәселелерін реттеу салаларындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. «Бұл саладағы заңнамалық деңгейдегі жұмыстар – діни экстремизм мен терроризмді тазалауға, оларды анықтаудың және жолын кесудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, экстремистік және террористік қызметтің салдарын азайтып, оны жою шараларын күшейтуге бағытталатын болады».
Дөңгелек үстел басындағы пікір алмасуда еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков те сөз алып, өз құрылымдары тарапынан атқарылған іс-шараларды ортаға салды. Нұрғали Білісбековтің атап өткеніндей, 2011 жылдан бері Қазақстанда 64 экстремистік бағыттағы әрекеттің жолы кесілген. Осы жылдың басынан зорлық-зомбылыққа бағытталған осындай тоғыз акцияға тосқауыл қойылды. Халық көп жиналатын орындарға, сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың нысандарына террорлық шабуыл жасалуына жол берілмеді.
«Ауғанстанда, Сирияда және Иракта қарулы қақтығыстар басталғаннан бері халықаралық террорлық ұйымдардың лагерлерінен, үшінші елдердегі тірек және транзиттік инфрақұрылымдардан еліміздің 45 азаматы қайтарылды. Тағы 33 азамат өз еріктерімен елге оралды. Террорлық әрекеттерге қатысы бар 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. Нұрғали Білісбековтің хабардар етуінше, бес жыл ішінде террористік және діни сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 445 адам сотталған.
«Терроршылдыққа қарсы операцияны тиімді жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында бір-екі шақырымдық локальды аймақ радиусында желіні бұғаттау үшін сәйкесінше техникалық құралдар сатып алу мәселесі қарастырылуда, – деді Н.Білісбеков әрі қарай. – Бұл террористердің қолдан жасалған жарылғыш құралдарды іске қосу, террористік актіні жүзеге асыру кезінде бір-бірімен хабарласу үшін байланыс құралдарын болдырмауға байланысты қолға алынады».
Осындайда Мемлекет басшысының: «Әлемде бірде-бір ел террористік шабуылдардан сақтандырылмаған. Террористік қатер Қазақстан үшін де ақиқатқа айналып отыр», – деп атап көрсеткенін қаперімізден шығармасақ екен.
Дөңгелек үстел басындағы пікірлесуде, сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Баталова, Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, ЕҚЫҰ бағдарламалары Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабон, тағы басқа шешендер сөз алып, тақырыпқа байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ