11 қаз, 2021 сағат 10:05

Теннис: Рыбакина Индиан-Уэллсте жұптық сында ширек финалға шықты


Қазақстанның – 1-ші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жұптық сынында ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге екінші айналымда чилилік Алекса Гуарачи – америкалық Дезире Кравчикпен шеберлік байқасты.

Қазақстандық-ресейлік жұп бірінші партияда басымдылық танытты – 6:3. 

Екінші сетте тай-брейкте чилилік-америкалық жұптың жолы болды – 7:6 (7:2).

Супер тай-брейкте Рыбакина мен Кудерметова қарсыластарына бірде-бір ұпай берген жоқ – 10:0. 

Қазақстандық-ресейлік жұп 1 сағат 43 минутқа созылған тартысты матч барысында 3 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.

Рыбакина мен Кудерметова жартылай финалға шығу үшін чехиялықтар Мария Боузкова – Луция Градецкаямен таласады.