04 қыр, 2018 сағат 12:58

Теңгенің әлсіреуі баға мен тарифтерге қысым көрсетеді - Тимур Сүлейменов

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың сегіз айындағы инфляция деңгейі туралы деректер қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың баяндауынша, жыл басынан бері инфляция деңгейі жаңа дәліз 5-7% аралығында сақталып отыр. Тамызда инфляция 0,2% құраса, жылдың басынан бері — 2,9% құрады. Жылдық инфляция 6% құрады.

«Ағымдағы жылдың басынан бері 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инфляцияның барлық құрамдауыштары бойынша баға өсуінің бәсеңдегені байқалып отыр. Азық-түлік тауарларына баға өсуі 2,3% құрады. Азық-түлік емес тауарларға – 3,6%. Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3%», — деп хабарлады ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, соңғы үш айда азық-түлік тауарларына бағаның төмендеген байқалып отыр, бұл инфляция құрамдауыштарының ішінде ең төмен мәнге әкелді.

Сонымен қатар, азық-түлік емес тауарларға бағаның ең көп өскені тіркелді. Бұл ретте, дизель отынына, аяқ киімге, сұйытылған газға, дәрі-дәрмекке және тұрмыстық бұйымдарға бағаның өскені байқалып отыр. Т. Сүлейменовтың айтуынша, ақылы қызметтердің бағасы орташа қарқынмен өсті.

«Ақылы қызметтердің ішінде бағаның ең көп өскені әуе және темір жол көлігі қызметтеріне, құқықтық қызметтерге тіркелді. Сондай-ақ, автомобильдерге техникалық қызмет көрсетуге және қонақ үй қызметтеріне баға төмендеді», — деді ол.

Жыл басынан бері өңірлік бөліністе жоғары инфляция деңгейі, орташа республикалық деңгейден (2,9%) шамаммен 1 пайыздық тармаққа асып, Атырау (3,8%), Маңғыстау (3,8%) өңірлерінде байқалады. Орташа республикалық деңгейден аз ғана Солтүстік Қазақстан (3,3%), Қызылорда облыстары (3,2%), Астана қ. (3,2%) және Павлодар облысы(3,1%) асты.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, теңгенің әлсіреуі баға мен тарифтерге қысым көрсетеді. Баға мен ұлттық валютаның арасындағы жоғары корреляцияны ескере отырып, ағымдағы теңге бағамында инфляция деңгейі 1 пайыздық тармаққа ұлғаюы мүмкін.

«Теңгенің біршама әлсіреуін және инфляцияның маусымдылығын ескере отырып, 2018 жылдың қорытындылары бойынша инфляция деңгейі бағалау бойынша жаңа аралықтың жоғарғы деңгейіне жақын болады — шамамен 6,6%–6,8%. IV тоқсанда инфляциялық процестердің күшейетінін назарға ала отырып, жергілікті атқарушы органдар тұрақтандырушы қорларын уақытылы толықтыруы, бағаға мониторинг жасай отырып көмір мен дизель отынының үзіліссіз жеткізілімдері бойынша жұмысты күшейтуі қажет», — деді Т. Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, өз кезегінде, Ұлттық банктің болжамдары бойынша инфляция деңгейі 2018 жылға жоспарланған дәлізде сақталатынын, алайда 2019–2020 жылдары белгіленген дәлізден асуы мүмкін екенін айтып өтті.

«Біріншіден, бұл Ресей Федерациясына қарсы санкциялар режимімен байланысты, екіншіден, бұған мұнай бағасының төмендеуі себеп, үшіншіден – әлеуметтік шығындар мен несиелердің өсімі себеп», — деп нақтылады Д. Ақышев.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша тауарлар мен қызмет түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Аталған мәселе ай сайын қаралып отырады.