01 қар, 2021 сағат 20:11

Темірхан Досмұхамбетов дүниеден озды


73 жасында ҚР туризм және спорт экс-министрі, Астананың экс-әкімі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің экс-президенті Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов қайтыс болды. Қайғылы хабарды Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі ұжымы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің бақылау кеңесінің төрағасы Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтады", - делінген Facebook-тегі хабарламада.

Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов 1949 жылы 8 наурызда Қостанай облысында туған.

1972 жылы Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтын, ал 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Профессор.

Институтты бітіргеннен кейін Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет өткерді.

1973-1985 ж.ж. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің денешынықтыру және спорт кафедрасы ҒЗЖ техникалық бөлімінің оқытушысы, ассистенті, аға оқытушысы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді.

1985-1991 ж.ж. - "Еңбек резервтері" БЕСҚ Қазақ республикалық кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы.

1991-1996 ж.ж. - "Яссауи" Туризм жөніндегі мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті.

1996-1997 ж.ж. - Қазақстан Республикасының жастар ісі, туризм және спорт министрі.

1997-1998 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Туризм және спорт жөніндегі комитетінің төрағасы.

1998-2003 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Президентiнің Iс басқарушысы.

2003-2004 ж.ж. - Астана қаласының әкімі.

2004-2006 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Президентiнің Iс басқарушысы.

2006-2011 ж.ж. - Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрі.

2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. "Нұр-Отан" Халықтық демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Қосымша лауазымдары:

Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті;

Дүниежүзілік туристік ұйымның вице-президенті;

Азияда Олимпиада комитетінің вице-президенті;

Қазақстан Республикасы Су спорты түрлері жөніндегі федерациясының президенті;

XII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің халық депутаты.

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев", ІІ дәрежелі "Барыс" ордендерімен, Ресей Федерациясының "Халықтар достығы" орденімен марапатталған.

"КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы", "Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы", "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атақтарын алған.

Үйленген, екі баласы және үш немересі бар.