Америкалық психолог Абрахам Маслоу «қажеттіліктер иерархиясы» моделі туралы тұңғыш еңбегін 1943 жылы жариялаған. Бұл үлгіде адамға керек дүниелер пирамида түрінде көрсетілген. Ол бірнеше деңгейге бөлінген. Пирамида табанында азық-түлік пен ауыз-су секілді тіршілікке ең қажет заттар тұр. Деңгейі жоғарылаған сайын қажеттіліктер де күрделене түседі. Шыңында адамның өз ішкі әлеуетін іске асыру тұрады. Адам бастапқы сұранысын қанағаттандырғанда ғана, талабы артып, келесі деңгейге өтеді. Алайда ол кезде заман мүлдем өзгеше еді.
Енді осы тұрғыдан 2019 жылды қарастырып көрейік. Әлемде «төртінші өндірістік революция» деп аталатын түбегейлі өзгерістер дәуірі басталып кетті. Көптеген дәстүрлі салалар мен кәсіптер ғайып болып, кейбірі күрт өзгеріп келеді. Ал адам ынтасын сипаттайтын бұл модель заманауи цифрлық экономикадағы адам қажеттіліктерін түсінуге қандай көмек бермек?
Жақында жарияланған «2019 жылғы цифрлық қоғам индексі: адам қажеттіліктері Азия-Тынық мұхиты аймағында инновациялардың қозғаушы күшіне айналады» атты баяндама осы сауалды зерттеуге негізделген. Онда аймақ елдері қоғамның барлық мүшелеріне пайда әкелетін цифрлық экономика құруда қандай жетістіктерге жеткенін және технологиялар адамның негізгі қажеттіліктерін қалай қанағаттандыратыны талданған.
24 елдің 43 мыңнан астам тұрғыны қатысқан кең ауқымды сауалнамаға сүйеніп, технологиялық дәуірде өз ішкі әлеуетін іске асыру үшін не қажет екені сарапталды. Маслоудың қажеттіліктер үлгісі негізінде адам қажеттіліктерінің төрт маңызды тұсы көрсетілген.
1. Негізгі қажеттіліктер
Ең алдымен негіз болуы қажет. Сапалы ұялы және интернет жүйелер арқылы халықтың цифрлық инфрақұрылымды пайдалануына мүмкіндігі болуы керек. Сондай-ақ, жеке деректерінің құпиялығы сақталатынына сенімді болуы тиіс. Азия-Тынық мұхит аймағы тұрғындарының 54%-ы осы қажеттіліктері қанағаттандырылған деп санайды. Бұл – 49 пайызға тең, яғни әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Осы аймақтағы елдердің көбісі техникалық инфрақұрылымы жағынан дамушы елдерді озған. Бұған мысал ретінде Қытайда ұялы төлемдердің кеңінен таралуын келтіруге болады. Осындай артықшылықтар жергілікті халыққа пайда келтірері анық.
2. Психологиялық қажеттіліктер
Смартфондар мен тасымал құрылғылары цифрлық технологиялардың, медициналық қызметтердің сапасын көтеруге және тұрмысымызға қажетті маңызды статистикаға бақылау жасауға зор мүмкіндік береді. Бірақ мұның психикалық денсаулығымызға кері әсері де байқалады. Цифрлық технологияларды жеке мақсатта пайдаланудың үйлесімін табу бүгінгі күннің өзекті талабына айналған. Азия-Тынық мұхит аймағы тұрғындарының тек 28%-ының мұндай қажеттілігі қанағаттандырылған. Бұл бүкіләлемдік көрсеткіштен 38 пайызға төмен.
3. Өзін-өзі тану қажеттілігі
Болашақта түрлі дәстүрлі кәсіптер жоғалып, қажетті дағдылар мен тәжірибе арқылы жұмыс табуға тура келеді. Азия-Тынық мұхит аймағы тұрғындарының жартысынан көбі (51%) бұл қажеттілігі қанағаттандырылған деп санайды. Салыстырып көрсек, әлем бойынша бұл көрсеткіш – 45%. Бірақ аймақтағы елдер арасында бұған қатысты пікір өзгеше. Мәселен, Қытай тұрғындарының 68%-ы өз білімін қажетті техникалық дағдылармен қамтылған деп есептесе, бұған тек Жапонияның 18%-ы ғана келіседі.
4. Қоғамдық қажеттілік
Әлемде өзара тәуелділік пен байланыс күшейіп келеді. Сол себепті цифрлық экономиканың үлкен күшке айналуына халық сенімінің маңызы зор. Технологиялар жаңа жұмыс орындарын құратынына, жаһан мәселелерін шешетініне және жалпы қоғамға оң әсер ететіне сенім қаншалық? Азия-Тынық мұхит аймағы тұрғындарының 59%-ы болашаққа үмітпен қараса, әлем бойынша мұндай адамдардың саны 49%-дан аспаған.
Бұл көрсеткіштер аймақтағы бизнес басшылары мен саясаткерлерге ескерту деуге болады. Негізінде жергілікті тұрғындар цифрлық саладағы қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына риза. Бірақ психологиялық қажеттіліктеріне (денсаулық пен өмір сапасы) уайымы жоқ емес. Бұл техникалық прогресстің өзіндік бағасы мен ықпалын айшықтап тұрғандай.
Адамдардың тұтынушылық әдеті
Зерттеу нәтижесі адамдардың өзін-өзі тану қажеттілігі мен қоғамдық қажеттілік арасында күшті байланыс бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, цифрлық өнімдер мен қызметтерді де тұтыну да бұған тәуелді. Яғни, цифрлық салада білімі жоғары және болашаққа сеніммен қарайтын адамдар өзгелерге қарағанда интернетте жиі сауда жасап, такси шақыру немесе банк қызметтеріне қатысты қосымшаларды көбірек қолданады.
Алайда жеке деректердің қауіпсіздігіне күмәні болса, сауатты адамдардың тұтыну әдеті де өзгереді. Осыдан бір жыл бұрын өткізген сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, жұрттың 40 пайызы интернетте алмасып жүрген деректер көлемін азайтуға шара қабылдаған, 25 пайыздан астамы жарнама шығуына тосқауыл қоятын бағдарлама орнатқан, 20 пайыздан астамы ғаламторда өткізетін уақытын шектепті. Дегенмен олар цифрлық өнімдер мен қызметтерді көп пайдаланатын адамдардың қатарына жатады. Бүгінде өндірушілердің өз тұтынушыларына жол табуы қиындап келеді.
Цифрлық қажеттіліктер мен жетекшіліктің жаңа үлгісі
Төртінші өндірістік революцияға мықты жетекшілер керек. Дәстүрлі салалар мен бизнес-үлгілерді түпкілікті өзгерту, соған сай халықаралық ережелер мен саясатты қалыптастыру, қоғамның цифрлық дәуірге бейімделуіне жағдай жасау – ауыр міндет. Бірақ бұл қолымыздан келетін іс.
Дүниежүзілік экономикалық форум басшысы Клаус Швабтың ойынша, жетекшілер өз менмендігін басуы тиіс. Олардың күші адамгершілік, жанашырлық мен ынтымақтастыққа негізделуі тиіс. Бұл жаңа заманға сай көшбасшылықтың өзге түрі болмақ.
Цифрлық қажеттіліктеріміздің құрылымы жетекшілерге қазіргі тұтынушыларды жақсырақ танып, өз стратегияларын адамдарға бағыттау жолын көрсетеді. Сондай-ақ, ол болашақ технологиялардың әлеуеті жетекшілерге емес, қалған жеті миллиард адамға байланысты екенін еске салып отыр. Көшбасшылар өз ісінде бар ынта-жігерін адам қажеттіліктеріне бөлсе, қоғамды инновациялық болашаққа жетелей алады.
Мақалының түпнұсқасы: weforum.org