Тайвань сыртқы істер министрлігі Тайвань аралы мен осы аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау үшін нақты әрекет жасаған АҚШ-қа алғыс айтты, деп хабарлайды Азаттық.
Тайвань сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде "Қытайдың әскери және экономикалық бопсасы әлемдегі демократиялық лагерьдің тұрақтылығы мен бірлігін одан әрі нығайта түсті" деп жазылған.
"Энтузиазмы күшті Тайвань халқы бостандық пен демократияны қалайды, сол себепті Тайваньға қолдау көрсету үшін өзге елдердегі жақсы достарымыз келіп жатыр, — деді Тайвань президенеті Цай Инвэнь. Президент бұл сөзді қараша айының соңында өтетін жергілікті сайлауларға арналған митингі кезінде айтқан. – Алайда үкіметіміз де, әскеріміз де елді қорғауға, мен де Тайвань үшін бел шешпей қызмет етуге дайын болуға тиіспіз" дейді ол.
12 шілдеде Ақ үйдің Үнді-Тынық мұхит аймағы бойынша үйлестірушісі Курт Кэмпбелл "Қытай АҚШ өкілдер палатасының төрайымы Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарына тым әсіре реакция білдірді" деп мәлімдеді. Пелоси Тайваньға барып кеткен соң Пекин Тайвань аралы маңында бірнешке күн әскери жаттығу жасап, қыр көрсеткен. Қытай Тайвань аралын Қытай жері деп санайды.
Қытай республикасының үкіметі азамат соғысынан жеңілген соң 1949 жылы Тайвань аралына қашып, сонда үкімет құрған. Ал оның қарсыласы Мао Цзедун бастаған Қытай коммунистік партиясы қазіргі Қытай халық республикасының негізін қалаған.
Қытай Тайвань аралын күшпен қайтаратыны туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.