08 жел, 2016 сағат 10:14

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы

Астанада Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Республикалық диагностикалық орталығының дәрігерлері бүгін 700-ден астам баланы қабылдап, кеңес берді.

2016 жылғы 7 желтоқсанда «University Medical Center» корпоративтік қорында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде «25 қайырымды іс» акциясы өткізілді.     

Аталған іс-шара балаларға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалымен бірлесіп өткізілді. 

Акция шеңберінде «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалдары - Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Республикалық диагностикалық орталықтың 14 түрлі бейіндегі 30-дан астам маманы: педиатр, хирург, ортопед, уролог, гепатолог, кардиолог, пульмонолог, нефролог, эндокринолог, гастроэнтеролог, невропатолог дәрігерлер қабылдауға келген балаларды қарап, кеңестер берді.

Зерттеу нәтижесінде балалардың біраз бөлігі қосымша тереңдетілген диагностикалық зерттеуге бағытталды. Стационарлық емге мұқтаж балаларға жоспарлы емдеуге жатуға кеңес берілді. Сондай-ақ, тексерілген балалардың арасынан сырқаты күрделі балалар іріктеп алынды. Оларға 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында оталар жасау жоспарланып отыр.  

   

Жалпы бүгінгі акция аясында дәрігерлер 700-ден астам баланы қабылдады.