12 қар, 2016 сағат 13:17

Тәуелсіздік – Қазақстан мен сот жүйесі үшін тең ұғым

Жақын күндері алғашқы құрылу кезеңі сонау 1996 жылдың еншісіне тиесілі еліміздегі іргелі ұйымдардың бірі – Судьялар одағының VII съезі өтеді. Айтулы жиынның қарсаңында аталған ұйымға 2001 жылы төрағалық еткен Жоғарғы сот судьясы, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Құрметті судья» атағының иегері Бақытжан ӘБДІРАЙЫММЕН жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

– Бақытжан Жарылқасын­ұлы,­ сіздің ойыңызша алда өтетін алқалы жиында қан­дай ма­ңызды мәселелер талқы­ла­нуы тиіс?

– Жалпы, еліміздің сот жүйесі үшін басты мәселе – судьяларға деген қоғамдық сенім деңгейін кө­те­ру. Ал бұл тек Жоғарғы сот­тың ғана қолға алуымен жүзеге асырылатын шаруа емес. Оған ел Үкіметі мен Парламент, өзге де мүдделі мемлекеттік мекеме­лер мен тиісті ведомстволар атса­лысуы керек. Сондықтан да бұл жиында сот шешіміне депутат, прокурор, министр сынды шенеуніктер ықпал ете алмайтыны баса айтылуы керек.

Көптеген елдерде сот қызметі мен судьялар біліктілігі, оның моральдық келбеті арнайы индикаторлар бойынша анықталып, рейтингтік көрсеткіштері түзіліп жатады. Бізге де осы әдісті тә­жі­ри­беге енгізсе дұрыс болар еді.

–  2001 жылы өзіңіз Судьялар одағының екінші съезінде Одақ төрағалығына сайландыңыз. Осы кезеңде сіз жетекшілік ет­кен ұйым сот билігінің Әділет ми­нистрлігі құрамынан шы­ғуына едәуір ықпал еткен көрі­неді. Бұл үдеріс қалай іске асырылды?

– Әрине, Судьялар одағы ә дегеннен-ақ сот жүйесінің тәу­ел­сіздігін арттырып, судьялар мәртебесін көтеру мен сот қыз­метін уақыт талабына сай жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізуге кірісті. Көптеген заңнамалар мен құқықтық акті­лерге өзгерістер енгізілді. Сондай ауқымды шаруаның бірі – сот билі­гінің Әділет министр­лігі құра­мынан шығуы болды. Мен 2001 жылы Судьялар ода­ғы­­ның екінші съезінде Одақ төра­ға­лы­ғына сайландым. Сол кез­де Жо­ғарғы сотты басқарған Қайрат Мәми Судьялар одағына ерек­ше көңіл бөлді. Одақтың судья­лардың тәуелсіздігін қорғайтын, олар­ға ең жақын әрі жан-жақты көмек көрсететін орган ретінде таны­л­атыны да осы кезеңдер сияқты.

Сондай-ақ, сол сәттерде судья­лар қызметіне көмек беретін әдістемелік, зерттеу еңбектер де жарыққа шыға бастады. Әсіресе, судьялар тиісті ведомстволар жанынан құрылған жұмыс топтарына шақырылып, нормативтік актілер мен заңнамалық құжаттардың талқылауына қатысатын болды. Осы ретте сот жүйесінің Әділет министрлігінен Жоғарғы сотқа
ауы­суы туралы Жоғарғы соттың «Сот билігі» деген нормативтік қау­лысы қабылданғанын да айта кеткен жөн. Өйткені, сот жүйе­сінің тәуелсіз орган болуы алғаш рет осы құжатта дәйектелген бола­тын.

– Демек, бүгінгі таңда С­у­дья­­лар одағының судьялар тәуелсіздігін арттыруға қосып жатқан үлесі зор деп санауға бола ма?

– Әрине, болады. Себебі, Тәуелсіздік – Қазақстан мен сот жүйесі үшін тең ұғым. Ал біз сөз етіп отырған Судьялар ода­ғы сот жүйесінде жүргізіліп жат­қан реформалық өзгерістердің бір­ден-бір қозғаушы күші әрі алға жыл­жытушысы ретінде өзін өзі та­нытқан ұйым. Атап айтқанда, су­дьялардың кәсіби біліктілігін арт­тыруға байланысты ерекше ұсыныстар, олардың тәжірибеде жүзеге асуы осы ұйымның бас­­тамашылығы, белсенділігі арқа­сында жүзеге асуда. Мысалы, одақ­тың мұрындық болуы­мен Жоғарғы соттағы тәжірибелі әрі білікті судьялардың және ға­лым­дардың қатысуымен конферен­циялар, семинарлар өткізіліп тұра­ды. Ендеше, мұның бәрін де су­дья­лар тәуелсіздігін арттыруға қосылып жатқан үлес деп санауға әбден лайық дүниелер. Әлбетте, бұл жерде ең алдымен судья білікті болуы қажет. Екіншіден, тәуелсіз судья болу үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан да қазіргі таңда судьяның жағдайы жа­ман емес десек те, әлі де шира­-
т­ып, дамытуды қажет ететін тұстары баршылық.

Нақтылай түссем, судьяның санын емес, олардың жеке аппаратын көбейтіп, күшейту керек. Мысалы, кейбір мәселелер судьялардың тым қағаз­басты­лығынан туындайды. Өйткені, судья қаншама сот процесін өт­кізеді, сот актілерін дайындап, қаулыларын шығарады. Олар­­ды жазып, жан-жаққа жарияла­уы керек. Бұл – олардың уақытымен қатар, күш-қуатын да қажет ететін ауқымды жұмыс. Оның салдары, әрине, өнімділікті азайтып, істің қаралу сапасына да әсерін тигізетіні сөзсіз. Ал мұндай түйінді тарқатудың тиімді теті­гінің бірі – судьяның жеке аппара­тын күшейтуде жатыр. Осы күндері судьяның жанында хатшы болғанымен, оның да мойнында қыруар міндет бар: судья­ның қағаздарын дайындап, сотқа қатысушыларды шақырады дегендей. Сол себептен де осы сот хатшыларының мәртебесін көтеріп, жалақысын да судья деңгейіне дейін өсірсе, жөн болар еді. Сонда бұл қызметке білімді, сауатты мамандар келіп, болашақ судьялық қызметкерлер резерві сапалы үміткерлермен толығуын қамтамасыз етеді.

– Ал енді біздің елдегі сот жүйесінің халықаралық дең­гейд­е­гі дәреже-деңгейі қалай? Тиіс­ті талаптарға сай ма? Әңгі­меміздің ауанын осы арнаға қарай бұрсақ.

– Негізінен, рейтингтік көр­се­т­кіштер жүйесінде әлемде Дү­ние­жүзілік банктің Флагман рейтингтік жүйесі зор беделге ие. Осы көрсеткіште Қазақстанның сот қызметі тиісті талаптарға сай деп танылған. Бүгінгі таң­да ол алғашқы ондықтың тоғызын­шы­сы десек, осыдан 20 жыл бұрын біз халықаралық рейтингте үздік­тердің алғашқы ондығында болу­ды армандамайтын да едік. Бұл біздегі сот жүйесінің жаңа ба­ғыт­та дамып келе жатқанын көр­сетеді. Аталған саланың елімізде толықтай жаңа технология бойынша жұмыс істеуі, айтқан сөзімізді нақтылай түседі.

Мәселен, қазір арыз, шағым­­дар электронды түрде қабыл­да­нып, оған сол сәтте онлайн режім­де жауап беріледі. Сол сияқ­ты, қазір азаматтарымыз сотқ­а бармай-ақ, онда не болып жат­қа­нын көру мүмкіндігіне ие. Он жыл­ға жетпейтін уақыт ішінде ақ­парат­тық технологияның ірі же­тіс­тігі – онлайн жүйесі сот қыз­метінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Бұл – үлкен жетістік. Осы орайда, біздің мұндай дең­гейге жетуімізге Елбасының сот жүйесін ерекше қолдап, қуат­тауы сеп болғанын ескеру керек. Себебі, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев судьяларға барынша жағдай жасау арқылы оларды мемлекеттік тұрғыда тәуел­діліктен арылтты. Өйткені, судья тәуелсіз болған жағдайда ғана әділеттілік кең өріс алатыны белгілі жайт.

– Ел аузында «заңда адам­гер­шілік болмаса, адамдар оны заң ретінде қабылдай алмайды» деген қанатты сөзге айналып, кең тараған тіркес бар. Осы сөз­ге қатысты өз ойыңызды біл­дірсеңіз.

– Менің ойымша, судьяларға көбірек еркіндік беру керек. Алай­да, біздің судьяларымыз кейде заңның аясынан шыға алмай жатады. Өйткені, заңда қабылданған талапты орындауға міндетті. Ал олай етпесе, қабыл­да­ған шешімі заңсыз болып шы­ғады. Сол себептен де бұл жерде қарама-қайшылық бар. Мұны XVI ғасырда әлемге белгілі Иммануил Кант деген ғалым «заңның адамгершілігі» деп жазып кеткен.

Ақиқатында, заңда адамгер­шілік болмаса, адамдар оны заң ретінде қабылдай алмайды. Өкінішке қарай, бұл мәселе біздің салада әлі жан-жақты зерттелген жоқ. Сонымен қатар, бұған әлі де көңіл бөлінбей келеді. Сол себептен де Судьялар одағы мен Жоғарғы сот осы жағдайды ескеріп, арнайы топ құрса, өте-мөте құптарлық іс болар еді. Моральдық заңды қалай жасау керек, мораль мен заңды қалай салыстыру керек, заң моральсыз бола ала ма, болса, ол заңнан қанша үлес алу керек? Міне, осы сауалдар төңірегінде жүйелі зерттеу жүргізетін уақыт жетті. Ендеше, алдағы съезде осы мәселелер де жан-жақты талқыланады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»