Қостанай жұрты Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейлі тойы алдында республикалық акциямен елді бір аралап қайтуға жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының келетін күнін санап жүр еді.
Қарашаның қырық құбылған күніне қарамай ертемен қостанайлықтар, облыс, қала басшылары пойызды темір жол вокзалынан қуаныштың нышанындай сырнайлатып-кернейлетіп күтіп алды.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қонақтарды еліміздің ең қасиетті өңірінің бірі – Қостанай жеріне келуімен құттықтады. «Жиырма бес жыл ішінде Қазақстанды бүкіл дүние жүзі таныды, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында халықаралық беделді ұйымдарға мүше болдық. Біз Тәуелсіздікке сол үшін де қарыздармыз», деді ол.
Қазақстанда өндірілетін астықтың төрттен бірін беретін Қостанайдың қамырлылығы жоғары, алтындай бидайын дүниенің жартысы біледі десе, кім сенбейді?! Экспортқа шығарылатын ұнның да төрттен бірі Қостанайдан артылады. Биыл да облыс мол астық жинады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөздің жаны бар. Биыл он айда Қостанай облысында өндірілетін өнімнің физикалық көлемі соңғы бір жарым жылда бірінші рет 100 пайызды құрады. Ал облыс ұзақ жылдардан бері кеннің темір, асбест, боксит түрлерін өндіреді. Бірақ нарық жер астының байлығын шетке асыра бергеннен гөрі, өңдеу өнеркәсібін дамытқанда байитынымызды меңзеп отыр. Қазір Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібі шикізат өндірудің алдына шықты. Бұл дамудың жақсы нышаны екені анық. Қостанайда «Toyota», «Ssang Yong» секілді әлемдік бренд автомашиналар құрастырылады. Қостанай еліміздегі машина жасау өндірісінің орталығына айналмақ.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі, профессор Әміржан Әлпейісов Қостанай жұртын алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, пойыз негізінен әлеуметтік мәселелерді нысана еткенін де айтты. Айналдырған екі аптаның ішінде пойыздың 271 мүшесі болды, оның ішінде салалар мамандары түрлі кеңестер береді, жетпістен аса дәрігер жергілікті жерлерде ауруларды қабылдады. Олар Қостанайда да іске шұғыл кірісті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында шаруалар мен диқандар мамандардан көптеген сұрақтарына жауап алды. Солардың арасында пойыздың Қостанайда тоқтайтынын естіп, ат терлетіп Әулиекөл ауданынан келген шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Райысовты көптен бері жайылым туралы мәселе ойландыратын. Ол пойызбен келген мамандардан нақты жауабын естіп кетті.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен министрліктен келген өкілдерге кіру үшін жұрт кезекке тұрды. Солардың арасында Өзбекстаннан атажұртқа оралған, Рудныйда тұратын қандас ағайындар да төбе көрсетті. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетелдегі қазақтардың атажұртқа көші тоқтаған жоқ. Алайда, олардың төлқұжат, азаматтық алуына байланысты мәселелер әлі тиянақты шешімін таппағаны өкінішті. Өзбекстаннан келген ағайындарға бұрынғы төлқұжатын сол елдің Қазақстандағы елшілігіне апарып тапсыру, ықтиярхат алу мерзімі секілді мәселелер қиындық туғызып отыр. Осы мәселелерді айту үшін Нұриддин Бүкірбаев ақсақал мен Талғат Ахметов пойызға қуана, асыға жетті.
Облыстық «Қоғамдық келісім» үйінде өткен қоғамдық қабылдауға жергілікті этностар және зиялы қауым өкілдері келіпті. Оларды «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелері тыңдады. Қостанайдағы белгілі ардагер ұстаз Беген Көпешев осы пойыздың құрамында бар екенін естіп, Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Сауытбек Абдрахмановты әдейі іздеп келгенін айтты. Ол кемеңгер ұстаз Ыбырай Алтынсаринге осы уақытқа дейін республикада лайықты бір ескерткіштің жоқтығын мәселе етіп қойды. Дәрігерлер денсаулықтарына бейжай қарамайтын қостанайлықтарды таңертеңнен кешке дейін қабылдады. Пойызбен келген дәрігерлерге барлығы 408 науқас қаралды, олардың 69-ы – бала. Дәрігерлер 56 адамға Астанадағы, Алматыдағы орталық клиникаларға қаралу жөнінде кеңес және жолдама берді, олардың арасында 19 бала бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ