04 мам, 2026 сағат 17:22

Таразда бала еңбегін пайдаланған ана айыппұл арқалады


Фото: Ulysmedia


Тараз қаласында кәмелетке толмаған баласын қайыр сұрауға мәжбүрлеген ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық соты мәлімдеді.


Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған. Сот материалдарына сәйкес, әйел өз ұлын тиісті деңгейде тәрбиелеу міндетін орындамаған.


Анықталғандай, жасөспірім Тараз қаласындағы бағдаршамдардың бірінде жүргізушілерден ақша сұрап жүрген жерінен полиция қызметкерлеріне ұсталған. Баланың жасы 16-ға толмағандықтан, әкімшілік хаттама анасына қатысты толтырылған.


Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, 60 мың теңге көлемінде айыппұл салды.


Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.