Фото: Видеодан скрин
Шымкентте полиция қызметкерлерінен қашуға тырысқан әскерге шақырылушы жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Ult.kz Otyrar порталына сілтеме жасап.
Оқиға 2 мамыр күні Чапаевка ауданында болған. Полиция мен жергілікті атқарушы органдар азаматтарды әскери есепке қою бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізген. Алайда жігіт жағдайды дұрыс түсінбей, қорқып қашуға әрекеттенген. Қашу кезінде ол сүрініп құлап, кейін ұсталған.
Жігіттің айтуынша, ол полиция қызметкерлерін көргенде абдырап қалған.
“Қорқып қашып кеттім. Кейін мені әскери комиссариатқа апарды. Қазір әскерге өз еркіммен барамын”, – деді ол.
Ведомство мәліметінше, түсіндіру жұмыстарынан кейін шақырылушы өз еркімен жинақтау пунктіне барып, медициналық тексеруден өткен. Қорытынды бойынша ол әскери қызметке жарамды деп танылған.
Сондай-ақ жігіт құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді. Бұған дейін оған әскерге шақыру қағазы жіберілгені де белгілі болды.
