15 жел, 2025 сағат 15:30

Таразда «Асқақ рухты Әулиеата» поэзия кеші мен республикалық әдеби-мәдени байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Фото: Жазушылар одағы

Тараз қаласында екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші мен республикалық әдеби-мәдени байқаудың салтанатты марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Елдің рухани өміріне серпін берген бұл әдеби басқосу өңірлік және республикалық қаламгерлердің басын қосқан маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Биылғы байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 120-дан астам үміткер қатысып, жеті номинация бойынша шығармаларын ұсынды. Атап айтқанда, «Проза», «Поэзия», «Әдеби сын», «Драматургия», «Сатира», «Аударма», «Балалар әдебиеті» бағыттарында өтінімдер қабылданды. Сонымен қатар, биыл «Таразстрой 2004» компаниясының басшысы Мейірбек Жүнісовтің демеушілігімен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлде тағайындалды.

Мерекелік кеш барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық жолдың сабыр мен табандылықты, үздіксіз ізденіс пен биік талпынысты талап ететінін атап өтті. Аймақ басшысы қаламгерлердің ел руханиятын байытудағы рөліне тоқталып, әдебиет пен мәдениетке көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:

– «Проза» номинациясы бойынша Бауыржан Момышұлы атындағы жүлдені Алматы облысынан Бейбіт Сарыбай иеленді;

– «Поэзия» номинациясы бойынша Жамбыл Жабаев атындағы жүлде Шығыс Қазақстан облысынан Олжас Қасымға табысталды;

– Несіпбек Дәутайұлы атындағы «Әдеби сын» номинациясының жеңімпазы – Наурызбек Саршаев;

– «Драматургия» номинациясы бойынша Әлдихан Қалдыбаев атындағы жүлдені астаналық Маржан Ершу алды;

– Шона Смаханұлы атындағы «Сатира» номинациясы бойынша жүлде жамбылдық Нұржан Әлішке бұйырды;

– «Аударма» номинациясында Шерхан Мұртаза атындағы жүлдені Шымкент қаласынан Арайлым Мұраталиева жеңіп алды;

– «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Совет Әлімқұлов атындағы жүлде жамбылдық Көсемәлі Сәттібайұлына табысталды.

Ал Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлдені Атырау облысынан қатысқан Әлия Дәулетбаева иеленді.

«Асқақ рухты Әулиеата» поэзия кеші мен республикалық әдеби-мәдени байқау ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беріп, жас қаламгерлерді қолдауға, шығармашылық әлеуетті арттыруға бағытталған игі бастама ретінде ел мәдениеті тарихынан өз орнын айқындап келеді.