Фото: primeminister.kz
Жол бойындағы сервис объектілері стандарттарға сай келмейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар. Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекеттермен паритет негізінде алып отырмыз. Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймау қажет», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы жол бойындағы сервис бойынша да сұрақтар бар екенін айтты.
«Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай», - деді Әлихан Смайылов.
Оның атап өтуінше, сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді.
«Осыған байланысты, инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр. Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді. Алайда, сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді», - деді Үкімет басшысы.