ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев тарихи деректерді алға тарта отырып, Алтын Орданың күйреген күнін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның панельдік отырысында ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Алтын Орданың күйреуі мәселелері» атты баяндама оқыды.
«Алтын Орданың тарихнамасындағы біршама тәуір зерттелген мәселелердің біріне, оның саяси тарихының мәселелері жатады. Дегенмен де, әлі де болса бұл мәселеде толық зерттеліп болмаған, өз зерттеушілерін күтіп жатқан тақырыптар баршылық. Солардың бірі - Алтын Орда тарихының соңғы кезеңі, яғни оның күйреуі. 260 жылдық тарихы бар Алтын Орда тарихын шартты түрде - құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезеңдері деп үшке бөлуге болады. Жошы Ұлысының құрылуы мен қалыптасуы – 1225-1312 жылдары, күшеюі кезеңі – 1312-1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі 1360-1502 жылдары өтеді. Ыдыраудың тереңдеу барысында бұл мемлекет – Үлкен Орда атауына ие болады», - деген тарихшы Үлкен Орданың күйреу үдерісі қалай жүргеніне тоқталды.
«1395-1396 жылдардағы Әмір Темірдің Алтын Ордаға жасаған екінші жорығы мен тонаушылықтарының қандай ауыр болғаны белгілі. Тарихшылар бұны «Алтын Орданың омыртқасы үзілді» деп бағалайды. Осы жорықтан кейін Алтын Орда тарихында ұзаққа созылған ыдыраушылық дәуірі басталады. Бұл дәуірдің алғашқы кезеңі 24-25 жылға созылып, Алтын Орданың саяси сахнасына жаңа тұлғаларды – Едіге биді, тұқайтемірлік Құтлық Темір ханды, Тас Темір ханды, Шәдібек ханды, Орыс ханның ұлы Қойыршақ ханды, Тоқтамыс ханның ұлдары – Жалаладдинді, Жапарбердіні, Кебекті, Кәрімбердіні, Қадырбердіні және тағы басқа тұлғаларды шығарады. Бұл тұлғалар ыдырау үдерісінің алғашқы кезеңінде жекелеген ұлыстарда хан болып, ширек ғасыр бойы орталық билікті иелену үшін аяусыз күрестер жүргізеді», - деді ғалым.
Сондай-ақ, ол Алтын Ордада орталық биліктің әлсіреуі мен ондағы саяси тұрақсыздықтар Қырым, Қажытархан, Бұлғар, Сібір, Маңғыт және Өзбек ұлыстарын оқшауландыра түскенін атады.
«Үміткерлер осы ұлыстарда хан боп сайланып, орталық билікке ұмтылады. Атақты Едіге бидің тарихи тұлғалық болмысы осы кезеңде айқын көрініп, ол «дүрбелең жылдар» кезеңіндегі Мамай би секілді билікке айтқанын екі етпейтін хандарды отырғызу арқылы орталық билікті сақтап қалмақ болады. 1405 жылға дейін Тоқтамыс ханның өзімен, одан кейін оның ұлдарымен күресіп, ақыры, 1419-1420 жылы, 63 жасында Тоқтамыс хан ұлы Қадырберді ханмен өткен ашық шайқаста нағыз ерлерше қаза табады», - деген зерттеуші Едіге бидің қазасынан кейін Алтын Ордадағы саяси дағдарыс одан әрі өршігенін еске салды.
Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Жошы ұлысындағы билікке таласқан күрестерді тағдырын хандарды қолдаған жергілікті билер мен бектердің бағыты мен ұстанымдары шешіп отырған.
«Алтын Орда тарихында 1502 жылдың 15 маусымы - нақты айтқанда Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың толығымен күйреген күні болып есептеледі.
Жоғарыда айтылған барлық ойларымызды түйіндей келе мынадай жалпы тұжырымдар жасаймыз. XV ғасыр басында Алтын Ордада мемлекеттік идеологияның әлсіреуі өз кезегінде орталық билікті құлдыратса, керісінше, жергілікті өңірлердегі этностардың өзіндік идеологиясын қалыптастырып, олардың дербестікке ұмтылуын күшейтеді. Осы бағыттағы күрестер саяси өмірде анық байқалып, ақырында XV ғасыр соңында империяны әбден әлсіретіп, оны тарих көшінде қалдырады. Бір өкініштісі, Алтын Орданың нақты күйреген күні ешбір жазба деректе сақталмай, тек оны құлатқан Қырым ханы – Меңлі Керей ханның бір сөйлемінде ғана айтылады», - деді Берекет Кәрібаев.