12 мам, 2022 сағат 13:16

Талдықорғанда 1300-ден аса үй мен пәтер заңсыз берілген - әкім

Фото:elements.envato.com

2015-2020 жылдар аралығында Талдықорған қаласында 1 014 тұрғын үй мен 330 пәтерді беру кезінде заң бұзылған. Бұл деректерді қала әкімі Әсет Масабаев журналистермен кездесуде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жеке тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлер баспана алғаны белгілі болды. Енді мәселені шешу үшін пәтерлерді тиісті құрылымдарға қызметтік пайдалануға беру ұсынылып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй беруде де заңбұзушылықтар анықталған. Қала әкімінің айтуынша, бұл санаттағы азаматтарға 700-ге жуық үй мен пәтер құжатсыз берілген. Бұл тізім бойынша архивтегі мәліметті салыстыру жүргізіліп жатыр.

Мәселені шешу үшін әкімдік "КЕЗЕКТЕ" порталын іске қосқан. Бұл сыбайлас жемқорлық дерегін болдырмауға мүмкіндік береді.

"Тұрғын үй бөліміне келетіндер саны көп. Онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де бар, себебі кезекте тұрғандар мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен тікелей байланыста болады. Кезекте тұрғандардың 30 пайыздан астамы қайта тіркелмеген. Бұл ретте кезекте тұрғандардың көбі жеңілдігі барын растамаған. Тіпті бір рет кезекке тұрып, ұмытып кеткендер де бар. Қайта тіркелмеу кезектен шығаруға негіз емес екенін ескертемін. Сондықтан, мұқтаждығы жоқ тұлғаларды анықтау үшін "КЕЗЕКТЕ" порталын толық түгендеу қажет болды", - деді ол.

Осылайша, тексеру нәтижесінде 2054 азамат кезектен шығарылған.